**Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жалған жаланың құрбаны болдық деген бұрынғы полицейлер министр Ерлан Тұрғымбаевтан араша сұрайды, *деп хабарлайды Stan.kz.***
Айтуларынша паспорты жоқ сиырды түнделетіп алып бара жатқан азамат тексеру кезінде тәртіп сақшыларына қоқан-лоқы көрсетіп, артынан мені ұрды деп арызданған.
Тұрғынның балағаттап, жекіп жатқан сөздері жол сақшыларының бейнежазбасына жазылып қалған. “Ұрыны” тексереміз деп жүріп, қазір өздері қылмысқа күдікті болған бұрынғы үш полицей азаматтың қарсылығы бөлімшеге келгенде тіпті үдегенін айтты. Олардың сөздеріне қарағанда, ол полиция ғимаратындағы жиһаздарды қиратып, дөрекілік танытқан.
“Айтжанов Тұрлыбектің малына қатысты тексеру жүргізгенімізде құжаттарын ұсына алмай, сол уақытта біздің қызметтік бөлменің ішін шашып, қиратып, бізге жала жабатынын айтты”, – деді бұрынғы полиция қызметкері Нұрлыбек Сағындықов.
Осылайша азамат үш полиция қызметкері мені бөлмеде ұрып-соқты деп арыз жазыпты. Бұған байланысты қылмыстық іс қозғалып, сот процестері енді басталып жатса да полиция департаменті ақ-қараны ажыратпастан, қызметкерлерді жұмыстан қудалапты.
“Жала жабылып, оны тексерместен жұмыстан шығарып жіберді. Ол кезде еңбек демалысында болғанмын, соған қарамастан жұмыстан шығарып отыр. Ол заңсыз”, – деді бұрынғы полиция қызметкері Нұрболат Әлнашов.
Экс-полицейлердің сөзінше, тағайындалған сараптамалардың үшеуі де азаматтың денесіндегі жарақаттар ұрғаннан болмағанын көрсетіпті. Ал арызданған тұрғын полицейлер өзін қатыгездікпен ұрғанын айтады.
“Ішімнен ұрды, мына жерден ұрды. Ішке кіргенде беттен ұрды. Мен қаштым терезеге қарай. Олар компьютерді қиратып столға мініп алды”, – жәбірленуші Тұрлыбек Айтжанов.
“Дайрабайдың көк сиырынан басталған дауға” полиция департаменті сұхбат беруге келіспеген. Тек прокуратура тұрғынның қызметкерлердің ұрғаны расталды деген хат жүзінде жауап берді. Қазір осыған қатысты сот отырыстары басталып жатыр. Ал бұрынғы үш полицей әділ шешімді тек соттан күтеді.