Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өңірдегі Ұлы Отан соғысының ардагері Любовь Колесникпен кездесіп, зерттеу жұмысына қажетті ақпарат жинақтады. 

Любовь Колесник небәрі 19 жасында майданға аттанған еді. Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуковтың қолбасшылығымен Беларусь майданына жақын жерде орналасқан әскери госпитальде медбике ретінде қызмет етті.  Соғыстың ізімен өткен Любовь әжей Берлинде Жеңісті қарсы алды.

«Госпитальге жеңіл және ауыр жағдайдағы жараланған көптеген әскерилер келіп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті, қажетті ем-домдарын жасады.  Анамның айтуынша кей кездері солдаттарды аман алып қалу үшін оталарды ашық аспан астында жасауға тура келді»,  – деп бөлісті анасының естеліктерімен ардагердің қызы Татьяна Червоненко.

Жеңіс күнін жариялағаннан кейін бірнеше ай емделушілерге көмек көрсетуге госпитальде жұмыс жасады. Үйге 1945 жылдың тамыз айында оралып, зейнет жасқа дейін медицина саласында еңбек атқарды.

Кездесу барысында оқушылар сұрапыл соғыстың қиын кезеңдері туралы көптеген құнды ақпарат алды. Алдағы уақытта жас зияткерлер майдан даласында болған батырлар туралы Уикипедияға мазмұнды мақалалар жазып, олардың ерліктерін дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың білімдерін байытуды мақсат етеді.  

«Әлемде ешқашан соғыс болмасың. Елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін», – деп тілегін жеткізген Любовь Сергеевна оқушыларға оқуда сәттілік тіледі.  

Биыл 95 жасқа толатын қарт ана балалардың қамқорлығы мен немере-шөберелердің махаббаты оған күш пен денсаулық беретінін айтады.

Жылдан жылға шежіренің бұл батырлық-қайғылы парақшасы алыс тарих болып барады. Бірақ  сол ауыр жылдарды ұмытпау және майдан даласының батырларын ерліктерін естен шығармау біздің ардагерлер алдындағы борышымыз.  

Тағы да оқыңыз: