Kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бастамасымен өткен Наурыз кездесулері аясында қызылордалық оқушылар қоқысты өздігінен сұрыптап, тазалайтын роботтар прототипін жасады. Бұл экологиялық машиналар планетамызды жасыл және таза ұстауда үлкен көмегін тигізеді.
Бұл өрендер жер шарының экологиялық ахуалына алаңдайды. Әсіресе айналаны пластик қалдықтарымен залалсыздандыру мәселесіне ерекше мән беріп, оның шешілу жолдарын қарастыруда. Наурыз кездесулеріне Жалағаш ауданынан келген 10-сынып оқушысы Нұрсұлу Мырзаш планетаны пластиктен тазалауға роботтар үлкен септігін тигізер еді деп санайды.
«Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан вебинарларда робот құрастырып жатырмыз, көптеген ақпарат алып жатырмын. Мен үшін үлкен жетістік. Робототехника дамыған заманда, әрбір мекенге, көшеге роботтар қою керек. Пластикті бөліп жинау, оны қайта өндейтін зауыттарды ашу арқылы қоғамымызды тазартып, мәселені түбегейлі жоя аламыз», – дейді дарынды жас.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылған Наурыз кездесулеріне еліміздегі Зияткерлік және жалпы білім беретін білім ордаларынан 500-ге жуық оқушы қатысты. Балалар экологиялық тақырыптарға арналған қазақстандық және шетелдік ғалымдардың вебинарлары мен тренингтеріне қатысу арқылы жаңа білім алып, зерттеушілік қабілеттерін арттырды.
«Біз пластикке қайта өмір беруге болатынына тағы да көзіміз жетті. Атақты спикерлердің таныстырылымдарынан өте маңызды ақпараттар алып, пластик қалдықтарынан не өндіруге болатынын, оны қай бағытта пайдалануға болатынын білдік», –дейді Қызылорда қ. NIS-тің 9-сынып оқушысы Жұлдызай Мұнайтбасова.
Экологиялық таза өмірге алғашқы қадамдардың бірі – адамзат экомәдениеті деген үндеу салған жас өрендер «Пластикке екінші өмір сыйла» экологиялық экочелленджде тың жобаларымен бөлісті. Оқушылар жер шарының жасыл болашағына әрқайсымыздың жауапты екендігімізді еске салып, қарапайым пластиктен жасаған тұрмысқа қажетті пайдалы дүниелерді таныстырды.