Kyzylorda-news.kz. Хакасияда экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Түркиядан келген Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачакты қамауда ұстап отыр, деп хабарлайды Азаттық радиосының қырғыз қызметі.

Түркиядағы «GZT» басылымының редакторлары Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачак 16 желтоқсанда Ресейдің Хакасия Республикасындағы түрік қауымдарының өмірі туралы деректі фильм түсіру кезінде ұсталған.

Кенжетай мен Карачакты экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстап, заттарын тәркілеп, барлық кадрларды жойғаны хабарланды.

Қазіргі таңда екеуі де Абакан полициясының қамауында, кейін елден шығарылады.

Назгүл Кенжетайдың айтуынша, ол Қазақстанға Краснояр арқылы ұшпақ болған. Оның әріптесі Түркияға ұшуға мәжбүр болды. Журналистер биліктің қамауда ұстау мерзімін ұзарту үшін депортациялауды кейінге шегеріп жатқанын, мұнда ешқандай жағдай жоқ екенін және телефондары үнемі бақылауда екенін айтады.

Жерлесіміз Назгүл Кенжетай қазіргі таңда Түркияда тұрады. Ол Түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

Желтоқсанның 17-сі күні Абакан қалалық соты Кенжетай мен Карачакты Ресейге кіру ережесін бірнеше рет бұзған деп таныды.

Бұған дейін Кенжетай мен оның серігі Якутияда да дәл осы бап бойынша айыппұл төлеген екен.

«Біз ешқандай әскери қызметте жүрген тілшілер емеспіз. Бар болғаны Хакасияда байырғы халықтардың мәдениетін көрсету мақсатында бейнеролик түсірдік. Біз жай ғана видеоблогерлерміз, Якутияда, Бурятияда, Тофаларияда, Алтайда, Хакасияда болдық. Пейзажды түсіруге олардың рұқсатын алмағанымыз үшін, бұлар біздің телефондарымызды алып қойып, адвокатпен байланысуға мүмкіндік бермей, бізді заңсыз ұстап отыр. Қамаудың алғашқы күндері су, тамақ бермей аш отырдық, қазір де жарылқап жатқандары шамалы. Ең сорақысы – біздің тіпті жатақханада қалған құрал-жабдықтардағы бейнежазбаларымызды да өшіріп тастады», – дейді Назгүл Кенжетай.

Тағы да оқыңыз: