Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлерге онлайн түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесуге Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және облыстық ішкі саясат басқармасының жауапты қызметкерлері, бірқатар кәсіпкерлер қатысып, қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен тіл туралы заңнаманың кәсіпкерлік саласында қолданылуы талқыланды.

Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Жанар Әбдірахман жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану саласында тиісті нормалардың сақталмауы салдарынан өзге өңірлерде тұтынушылардың тамақтан улану жағдайлары кездесіп жатқанын, сол үшін мекеме тарапынан кеңінен түсіндірме жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Ол үшін қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 23 сәуірдегі № 186 «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын басшылыққа алып жұмыс жасауы қажет екен.

Шараға қатысқан жуырда ғана Қызылорда облысында құрылған қоғамдық тамақтану және қызмет саласы Қауымдастығының басшылары Әбдіразақов Ақмарал мен Мәдина Сәрсенбай саладағы проблемаларды да айтып өтті.

 Атап айтқанда, кәсіпкерлерді бүгінде электр жарығының жиі сөндірілуі, беріліп отырған ауыз судың сапасы алаңдатуда. Кәсіпкерлер кездесуде бұл жайттардың қызмет сапасына айтарлықтай зиянын тигізетіндігін айта келе, өз тиісті нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізу үшін ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуге келген келесі спикер – облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есімова кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпараттарда «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталу барысына тоқталды. Кей нысандардың норманы сақтамай, бір тілде ғана беру немесе кей ақпараттардың өзге тілде ұсынылу жағдайлары жиілегендігіне тоқталды. Тілдің дұрыс қолданылу жолдарын нормативтік талаптар, сондай-ақ оның қолданылу барысын мысалға келтіре отырып, түсіндіріп өтті.

Шарада кәсіпкерлер аталмыш заң талаптарына өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарын берді, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілінен қоғамдық тамақтану нысандарында ұсынылатын ас мәзірін қазақ тілінде сапалы аударуға көмек сұрады.

Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есімова ұсынысқа оң бағасын беріп, бірге жұмыс жасауға әзір екендігін жеткізіп, қоғамдық тамақтану және қызмет саласы Қауымдастығының мүшелерімен бірге жұмыс жасайтын болып келісті. Кәсіпкерлік саласына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласа аласыздар. Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата 123, «Бизнеске арналған Үкімет» ғимараты. Тел.: 8 /7242/ 40-09-81.

Тағы да оқыңыз: