Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы аймақ көлемінде кәсіпкерлермен кездесуін жалғастыруда. Сырдария ауданы кәсіпкерлерімен кездесуде бизнес өкілдері қызметін жүргізу барысындағы кедергілерді атап өтті.

Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы «Абай-Дәулет» ЖШС-нің базасында өткен мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелерімен, Шаған ауылына қарасты «Керуен» жол бойы кешенінде қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлермен кездесуге Палата директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев және Палатаның аудандық филиал директоры Ерлан Әбдікеров қатысты.

Кездесуде кәсіп иелері тірлік жасауға ниетті екендіктерін, тек несие алуға келгенде қаржы ұйымдарының, бағалаушылардың кепілге қоятын мүліктерін төмен бағалайтындықтарын жеткізді. Сол үшін де айналым қаражаты үшін қажетті қаржыны көбіне шағын қаржы ұйымдары арқылы рәсімдейтіндіктерін айтуда. Аталмыш қаржы ұйымдары жедел әрі оңай рәсімдегенімен үстіндегі пайызы өте жоғары көрінеді.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жік-жігімен түсіндіріп, тиімді тұстарына тоқталып өтті.

Жол бойы кешенін қолға алған кәсіпкерлердің мәселесі интернет желісінің нашар байланысы болып шықты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан кешенге шет елдік түрлі азаматтар тоқтайды екен. Алайда олардың бірінші сұрайтын қажеттілігі – интернет. «Қазақтелеком» арқылы қостырғанымызбен сапасы сын көтермейді, 5-6 адам қатар қосылғанда мүлдем тартпай қалады дейді кәсіп иесі Гүлмира Медеуова.

Мұнан өзге, кездесуде жол бойы кешендеріне банкомат орнату, тұтынатын су бағасының жоғарылығы, салық органдары мамандарының жөнсіз талаптары көтерілді. Әр сауалға қатысты мамандармен түсіндірме жүргізіліп, жүйелілерін тиісті органдармен бірге шешетіндіктерін жеткізді.

Айта кету керек, Сырдария ауданында жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 2081. Өткен жылы Палатаға кәсіпкерлерден құқығын қорғауды сұраған 10 өтініш түсіп, оның 5-еуі оң шешілген. Қалғандары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Кеңесшілермен кәсіпкерлікке қатысты 560 азаматқа 1080 кеңес берілген. «Бастау» бизнес жобасы бойынша 230 азамат оқып, олардың 132-сі 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие болған. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқыған 110 сырдариялық жастың бүгінде 62-сі 505 мың теңгеден қайтарымсыз қаржыдан алып, барлығы 32,7 млн.теңге қаржыға ие болған. Аудандық филиал директорының айтуынша, қазірдің өзінде «Бастауды» оқуға ниетті азаматтар көптеп өтініш білдіруде екен. Жыл басынан бері 100-ге жуық аудан тұрғыны тіркелген.  

Тағы да оқыңыз: