Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық танымал экстрасенс, Украинада өткен «Битва экстрасенсов» халықаралық байқауының финалисі Айя Абдуллина «Kyzylorda-news» ақпарат агенттігіне өзінің 2020 жылға арналған эксклюзивті жұлдыз-жорамалымен бөлісті. Бір ерекшелігі – ол жалпылама айтпай, әрбір жұлдызнама белгілеріне жеке тоқталып, оларды махаббат, денсаулық, қаржы мәселелерінде не күтіп тұрғандығын атап берді. Сондай-ақ, Тышқан жылына арналған кеңестерін ортаға салды.

Қызылордалық жұлдызнамашы-экстрасенс, Айя Абдуллинаның айтуынша, Тышқан жылы – бұл әдеттегідей әндетіп өте шығатын жыл болмауы мүмкін. Жыл он екі ай бойы қандай да бір жаңа істің іргесін қалауға тырысу керек-ақ. Жыл иесі Тышқан секемшіл болғандықтан, оның көңілін аулауға көбірек мән берген дұрыс.

2020 – күшті адамдардың жылы. Қажырлы, табанды адамдардың еңбегі далаға кетпейді. Сондай-ақ позитивті өзгерістер мен жедел шешімдер жылы, жалқаулық танытпай, жауапкершілік жүгін көтеруге бейімді адамдардың бақытты жылы, мұндай адамдарды тағдыр тосын сыйымен қуантып, өмірін ғажайыптарға толтыруы әбден мүмкін. Тышқан жыл басы болғандықтан барлық күш-жігерін мақсатына жетуге жұмсайтын адамдар үшін идеалды жыл деп бағаланады. Іс-әрекетінің бағытын 180 градусқа батыл бұратын адамдар жаңа жұмыс тауып, бизнес ашып, инвестиция салып, бас айналдырар бақыт пен табысқа кенеледі.

Қаржылай табыс пен алдын ала ақысы төленеді деген уәдеге көп сене беруге болмайды. Ірі көлемдегі жылжымайтын мүлік пен аса қымбат мүлікті биыл сатып алмаған дұрысырақ, сондықтан мұндай жоспарлар кейінге қалдырылса, оның ешқандай қорқынышы жоқ, есесіне кезекті еңбек демалысында саяхатқа шығып, қымбат ішік сатып алуыңыз әбден мүмкін. Өйткені Тышқан іскер адамдар жылы болғандықтан, әдетте ашық мінезділік, жомарттық пен мырзалық ескерусіз қалмайды. Концерт пен саяхаттан ақша аямаған дұрыс. Әсіресе саяхатты жаны сүйетіндердің биыл жолы болғалы тұр.

Отбасыңыздан, сенімді адамдарыңыздан әлдебір нәрсені жасырып, екіжүзділіктен барынша аулақ болған жөн. Тышқан жылы мұндай қадамдар құпталмайды. Сүттен ақ, судан таза шығам демеңіз, бұл – өте қауіпті. Есесіне адал жолмен, табанды табыс табуға ұмтылған адамдар нағыз лайықты орнын табады. Айналаңыздағы адамдар сүзгіден өтіп, кейбірімен қош айтысуыңыз ғажап емес. Бұған қамығудың реті жоқ, қайта адам тануда ақылдырақ бола түсесіз. Биыл әрекетке берекет дейтін адамдардың жұлдызы жанады. Жүрегіңізді махаббатқа толтырып, айналаңызға мейірім көзімен қараңыз. Денсаулығыңызды күтіңіз. Сонда Тышқан жылы нағыз сіздің жылыңыз болады.

ТОҚТЫ

Жылмен жақсы болу тау қопарарлықтай қосымша күш береді. Бірақ қауіпсіздікті де ойлаңыз: асығыстық танытуға болмайды, қиын жағдайдың өзінде ашу шақырып, долданудың қажеті жоқ. Жанама әрекеттер арқылы болмаса, бетпе бет табан тіресудің пайдасы шамалы.

Тоқты белгісіндегілер үшін биылғы көктем былтырғыдан жайлы болмақ. Бәрін басынан бастағысы келгендер үшін ең қолайлы кезең саналады. Бастаған ісін орта жолдан тастап кетпесе, табыстың жаңа бір белесіне көтерілу мүмкіндігіне ие болады. Оңай емес әрине, бірақ бұл табандылық танытуға тұратындай табыс әкеледі. 

Махабат

Ер-азаматтар үшін бұл жыл «аз сөйле – көп істе» деген ұранмен өтуге тиіс. Көп сөзге ұрынып, уақыт жоғалтуға болмайды. «Әрекетке – берекет» дегенді қаперге ұстаңыз.

2020 жыл – ішкі түйсікке, жүрек үніне құлақ асатын жыл. Туған-туыстардың, достардың пікірінен гөрі жүрек үніне, ішкі дауысқа ден қойған дұрыс. Билік пен байлық болса, сізді әдемі әйелдер өзі іздеп табады. Махаббат машақатына шырмалғаннан бұрын өзіңіздің ішкі «меніңізді» жеңіп, табысты болуға ұмтылған абзал. Ең дұрысы – осы.

Отбасылы қыз-келіншектердің сабырлы болғаны жөн. Некені сақтап қаламын десеңіз, қандай да бір мәселе болсын айқай-шусыз шешуге тырысқан дұрыс. Тұрмыс құрмаған бикештердің бас айналдырар романтикалық кездесулерінің соңы үй болу деген ізгі тілекпен ұштасуы ғажап емес, сондықтан шешім қабылдауда батылырақ болыңыз.

Денсаулық

Әдетте Тоқты белгісіндегілердің денсаулығы жақсы. Олардың бір кемшілігі, қандай да бір іспен айналысса, соны бітірмейінше қалыпты дағдысынан жаңылып, уақытылы тамақ пен ұйқыны ұмытады. Бұның аяғы депрессияға түсіріп, ұйқысыздық дертіне шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан адамның өзіне деген қамқорлығының басты орында болуы түрлі аурулардың алдын алатынын естен шығармау керек.  

Қаржы

Тоқты белгісінде туғандар әдетте қаржылық дағдарыстың құдығына түсіп кетуден қатты сақтанып жүреді. «Осында және қазір өмір сүр» деген өмірлік қағидасына қарамастан, әрқашан «қандай да бір жағдай үшін» жиналған артық ақшасы болады. Сондықтан оның «ақша жоқ» дегеніне ешкім сене қоймайды. 2020 жылдың ортасына қарай алаяқтардың алдауына түсіп қалудан абай болыңыз. Мұнымен қоса біреуге қарыз беруден түбегейлі бас тартқан жөн. Биыл қарыз берсеңіз, оны қайтарып алуыңыз неғайбыл. Тышқан жылында жеке бастың қуанышынан, жаныңыздың рахатынан ақша аянып қалмаңыз. Бұндай сәттер сізге жаңа табыс көзін табуға септесетін жаңа идеялар әкеледі.

2020 жылға арналған кеңестер

Тоқты белгісінде туғандар – өз ісіне мығым, бірақ кейде өз өзіне жақсы маркетолог бола алмайтын жағдайлар болып тұрады. Егер өз өзін жарнамалау шеберлігін шыңдап, өзін дұрыс көрсетуді меңгерсе, бағасы өсіп, табысы екі еселенер еді.

Өз өзіңізді тыңдап үйреніңіз. Демек үзіліссіз телефон тұтқасында болуды тоқтатып, артық шуды сөндіріп, өз өзіңізге қарауға уақыт бөлу керек. Су жағасында серуендеу таптырмас жан рахатын сыйлайды.

ТОРПАҚ

Тышқан алдында мақсаты бар, бастамашыл, шыдамды әрі мінезі жұмсақ адамдардың жылы болғандықтан табанды Торпақ белгісіндегілермен жақсы одақтаса алады. Қажыр-қайрат талап етілетін істе тайқып кетпесе, биыл ең үлкен мақсатына жетуге жан жақты мүмкіндік болады.

2020 жылдың басында Торпақ белгісіндегілер жұмыс орнын немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруы мүмкін. Табысқа кенелетіні сонша бұрын қайда тұрғанын, қалай жұмыс істегенін тіпті есіне де алмайды. Жалпы алғанда, жарқын сәттерге толы, өмірлік оң өзгерістер мен позитивті жыл болады.

Махаббат

Торпақ белгісінде туған ер-азаматтар тау қопарып жіберерлік өмірлік күш-қуатына бек сенімді, барлық жерде үлгергісі келетіндіктен, Тышқан жылында «жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнбес үшін» мақсатыңыздың ең бастысын нақтылап алуға тура келеді. Сезіміңіз жайында айқайлап айтудың керегі жоқ, ұстамдылық ұстанымыңыз болсын. Әйтпесе көңіліңіз қалуы оп-оңай.

Торпақ белгісіндегі қыз-келіншектер жоспарынан тыс жағдайларға ашулануы мүмкін, әйткенмен тағдыр оған әлдеқайда жақсырақ болуға, әрі әлемге даналықпен қарауға мүмкіндік беріп жатқаны оның қаперіне де кіріп шықпас. Өмір сабағы деген осы. Биыл барлық салада ұқыптырақ болған жөн. Жүйкеңізді сақтаңыз. Түкке тұрғысыз нәрселерге бас қатырудың қажеті жоқ.

Денсаулық   

Ішек жолдары, зәр шығару жолдары, жүйке жүйесінің аурулары – бұлардың қайсыбірін де асқындырып алмаудың қамын жасаған жөн. Ауруға берілмеуге тырысыңыз, уақытында тексерілуден өтіп, дәрумендер ішіп, жалпы иммундық жүйені күшейтуге күш салу керек. Жан тыныштығын да ойлау керек. Таңғы не кешкі серуен кезінде велоспортпен айналысуды қолға алсаңыз, бұл ең дұрыс шешім болар еді. 

Қаржы

Торпақ белгісіндегілер барынша молшылықта өмір сүргісі келеді, өмірдің әр сәтінен ләззат алуға  ұмтылады, әрине бұл үшін қаржылық тұрақтылық керек-ақ. Тышқан жылында бір сәттік қызық-думан үшін емес, болашақтағы маңызды жоспар үшін ақша жинаған құба-құп. Шығыс пен кіріс дәптеріңіз болсын, сонда табысыңыздың картинасы көз алдыңызда болады. Жаңа бизнес пен пассивті табыс әкелетін жақсы идея болса, кейінге қалдырмаған дұрыс, сенімді болсаңыз – әрекетке берекет деп іске кірісіңіз.

2020 жылға арналған ұсыныстар

Өмір сабағынан қорытынды шығара білу керек. Ашуланудың, бәрін дереу түзетем деп жанталасудың түкке керегі жоқ, қалай бар, солай қабылдаңыз. Бұл өміріңізді түбегейлі өзгертуі ғажап емес.  

Торпақ белгісіндегілер айналасын шабыттандыра алады, бұл олардың ең жоғары сапалық қасиеті саналады. Егер осы қасиетін арттырып, жинаған тәжірибесін жүйелеп, даналығын коучинг өткізуге бағыттаса, бұл олардың өмірін жаңа арнаға бұрып, өзін өзі тануына жол ашады.

ЕГІЗДЕР

Егіз белгісінде туғандар түймедейді түйедей етуді жақсы көретіндіктен, кез келген әдеттен тыс жағдаяттарды жүрегіне жақын қабылдауы мүмкін. Оның шешімі бар ма? Шындықты қабылдап үйреніңіз, өзіңізді өзіңіз бақылап, қандай да бір сәттерде ұстамдылық танытқан дұрыс. Егіз белгісінде туғандар үшін Тышқан жылы – өзің үшін өмір сүріп, нағыз жан рахатын ойлау жылы.

Махаббат

Егіз белгісінде туған ер-азаматтар істі ертеңге қалдыруды қатты жақсы көреді. Тышқан жылында мұндай ертеңі бітпейтін еріншектік жарамайды. Жылдам шешім қабылдау керек, тіпті кейде бір емес бірнеше міндеттерді орындауға тура келеді. Биыл етек-жеңін жинап, өмір ырғағына өзгеріс енгізсе, мақсатына жетуге жаңа жол ашылады.

2020 жылы әріптестер мен достардың пікірінен гөрі жүрегінің үніне құлақ түретіндер ұтады. Отбасылы адамдар жұбайының қолдауын сезінеді. Ал бойдақтар мен бикештер арқа сүйейтін адамын табады. Ең бастысы, көмегіңіз қажет болатын жағдайды алдын ала сезе біліңіз.

2020 жылдың көктеміне қарай Егіз белгісінде туған қыз-келіншектер имиджін өзгертіп, жаңа мақсаттарға жол ашатын мүмкіндіктерге ұмтылып, дұрыс шешім қабылдайды. Жылдың екінші жартысында өмірдің жаңа бояуын сезінеді, кулинария, киім стилі, саяхат – қай қайсысында да өзіңізге жаңалық ашасыз.

Денсаулық

Егіз белгісінде туғандардың бір бөлігі дәрі-дәрмек қабылдай алмаса, енді бірі аурухана дегенге мүлдем төзе алмайды, сондықтан барынша аурудың алдын алуға, сауықтыру шараларына ден қойған дұрыс. Таза ауада серуендеудің пайдасы мол. Ең бастысы, асқазаныңызды күтіңіз. Қыстыгүні суық тигізіп алмауға тырысыңыз. Кез келген асқыну жағдайлары созылмалы ауруға ұласып кетуі әбден мүмкін.

Қаржы

Тышқан жылында қолда бар ақшаға ұқыпты болуға тырысыңыз. Биыл қаржылай сыйақылар күтеді, ұтыс ойындарынан да бағыңыз жануы әбден мүмкін. Депозит ашу, құнды қағаздар сатып алу пайдалы болады.

2020 жылға арналған кеңестер

Биыл пайдалы адамдармен серіктес боласыз. Кісімен тез тіл табысатын Егіз белгісіндегілер үшін мұның ешбір қиындығы жоқ.

Жазуға ықыласыңыз оянады. Бай тәжірибеңізді қағаз бетіне түсіре бастайсыз. Басында бұл құр уақыт өткізу сияқты көрінгенмен, уақыт өте келе, мұның астарында үлкен ой жатқанын түсінесіз. Сондықтан қаламды серік ету идеясынан бас тартпаңыз.

ШАЯН

Жыл иесі Тышқан жерге жақын әрі тыным таппайтындығымен қоса ойынпаз ғой, сондықтан есепшіл Шаян белгісіндегілердің қолайына жақпауы мүмкін. Ең дұрысы, қанша рет талпынсаңыз да, мақсатқа жетпей қоймау керек. Кейде өмірлік ұстанымдар мен қадамдарды өзгертуге тура келеді, әйтпесе биыл қырсықтықтың берері аз. Есесіне Тышқан жылы жаңа таныстар тауып, жақсы байланысуға болады. Шілде мен тамыз айлары нағыз жолыңыз болатын уақыт. Уақытты өткізіп алмаңыз, оның сыйы көпке дейін жүрегіңізді жылытып, кеудеңізді қуанышқа бөлейді.

Махаббат

2020 жылы Шаян белгісінде туған ер-азаматтар ерекше еңбексүйгіштігімен танылады. Мақсатқа жеткен жақсы, бірақ денсаулықты да ойлаңыз. Адам ағзасы үшін демалудың маңызы жұмыс істеуден бір кем емес. Биыл қыз-келіншектерге аса ұнамды болуға тырысасыз: дене сымбатыңызды қолға алу, арықтау, автокөлік сатып алу, стильді киіну сізді сан қырыңыздан көрсетеді. Уайымдамаңыз, еңбегіңіз зая кетпейді, нәзік жандылар үшін жымиып қарағаныңыздың өзі жеткілікті.

Шаян белгісінде туған қыз-келіншектер бір емес бірнеше салада табысқа жетеді. Мансапқа жету немесе қомақты ақша – биыл бәрі де болады. Күздің соңына қарай отбасылық дау-дамайды реттеу, туыстарыңызбен қарым-қатынасты жақсарту сияқты мәселелер өз өзінен шешіле бастайды. Содан кейін кезекті еңбек демалысын алып, махаббатыңызбен бірге саяхатқа шықсаңыз – нағыз демалыс сол болмақ.

Денсаулық

Шаян – су белгісінде және Айдың қамқорлығында болғандықтан көңіл-күйі әрдайым тұрақты бола бермейді. Бұндай тұрақсыздық депрессияға соқтыруы мүмкін. Ішкі үніңізге құлақ түріп үйреніңіз, жұрттың бәрі жабылып, сізді жақсы көруге міндетті емес, осыны ұғыңыз. Тыныс алу жолдарын асқындырып алмау үшін иммундық қорғанысты күшейту артық етпейді.

Қаржы

2020 жылы материалдық тұрғыдан тұрақты жыл емес, дегенмен ақшадан таршылық көре қоймайсыз. Елеусіздеу болғанмен тұрақты түсім болады, мұның өзі демалу үшін немесе жаңа көлік алу үшін жеткілікті. Тышқан жылы Шаян белгісінде туған заңгер, экономист мамандар үшін жемісті жыл болады. Ірі сауда жасаған кезде сапасыз тауарға ұрынып қалмауды ойлаңыз.

2020 жылға арналған кеңестер

Өміріңізді жақсы жағынан өзгертуге мүмкіндік болса, ол кенеттен саяхаттар, тәуекелге бару сынды жағдайлар болады, мұны міндетті түрде пайдалану керек. Биыл ештеңе жоғалтпайсыз, бірақ сіздің әрекетіңіз біреуді ренжітіп, енді біреуге залалы тимеу керек. Қуанышты жағдайлар үймен байланысты болуы мүмкін, жаңа дизайн, интерьерді өзгерту – бәрі де жүрегіңізді қуанышқа толтырады.

АРЫСТАН

Қызметте тасыңыз өмірге домалайтын жыл болмақ. Әрқашан жеңуге ұмтылатын және көшбасшылыққа ашық таласатын Арыстан белгісіндегілер үшін жоспарсыз зат алу мен ойланбайтын әрекеттер қуаныш сыйламауы мүмкін, бірақ қаржылай тәуелсіздік, жеке өмірдің жеңістері сөзсіз атап өтуге тұрарлық.

Күзге қарай жұрт назарын аударуға дайындала беріңіз. Жыл аяғына қарай күш-қайратыңыз бәсеңсіп, бәрін өз мойныңызға ала беруге болмайтынын түсінесіз. Басқалар өз мәселесін сізсіз де шеше алады. Ал, өзіңізді күтуге уақыт керек. Тынығу сәті жемісті идеялар мен жеңісті жобалар жайлы ойланып, оны мұқият жоспарлауға мүмкіндік береді.

Махаббат

Арыстан белгісінде туған ер-азаматтар ертеңін ойламай өмір сүре алмайтындықтан, ақша да, басқа да бәрі бір сәтте бола салу керек сияқты қабылдайды. Бірақ биылғы Тышқан жылы мұндай жылдамдықты жақсы көрмейді. Сондықтан әдеттегі тактика тығыраққа тіреуі мүмкін, ал егер ұзақ мерзімді стратегиялық жоспармен мақсатқа жетуге талпынсаңыз, онда жыл иесі сізге көмекші болады. Арыстан белгісінде туған бойдақтарды романтикалық кездесулер, курортты роман күтеді. Отбасылы ер-азаматтар жұбайына көбірек көңіл бөлген жөн, отбасы да – екінші жұмыс, оған да еңбектену керек.

Арыстан белгісінде туған қыз-келіншектер үшін барлық жағдайды өз бақылауында ұстаған дұрыс сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мұның денсаулыққа күш түсіретінін, жұрт өзі үшін де өмір сүре алатынын ойлану керек. Әйелдің күші әдемі әрі әлсіз болып көрінуде екенін ұмытпаған дұрыс. Имидж өзгертіп, өзіңізді жаңа қырыңыздан көрсетуге қорықпаңыз. Бұл сіздің ішкі қуатыңызды арттырып, жігіттер назарын аударады.

Денсаулық

Арыстан белгісінде туғандардың денсаулығы өте жақсы, әйткенмен 40 жастан кейін өмірлік ресурс пен өмір салтын өзгертуге ұмтылу артық етпейді. Спорттың көп пайдасы бар. Таңертең таза ауада серуендеу, алкогольдік өнімдерді тұтыну мөлшерін азайту, ауырып тұрғаныңызды сезінуге өз өзіңізге мүмкіндік беру өте пайдалы болмақ.

Қаржы

Кез келген келісім-шарттардан абай болыңыз. Екіұдай сезімге қалдыратын қағаздар, күмәнді мөр көп мөлшерде қаржы жоғалтуға алып келуі мүмкін. Қарыз беруден де қашық жүріңіз. Туған-туыстарыңызға сараңдық танытуға болмайды әрине, бұл ақша бүгін болмағанмен кейін басқа жолмен міндетті түрде қайтады.

2020 жылға арналған кеңестер

Арыстан белгісіндегілер ақшадан аянып қалмайды және шын жүректен сүйе білетіндіктен, биыл барлық қызығушылығын ақшаға айналдыруға мүмкіндік бар. 40 жастан кейін Арыстан белгісіндегілердің көбі жақсы тренер бола алады. Бұған білімі толық жетеді. Жалқауланбау керек.

БИКЕШ

Тышқан жылында кез келген істің жүйесін табу керек. Жеті рет ойланып, бір рет кесетін Бикеш белгісіндегілер үшін 2020 жыл нағыз өнімді жыл болады. Басшылық сіздің іске нақтылығыңызды, үнемі алға ұмтылуға тырысатын позитивті көзқарасыңызды бағалайды. Қызметтік мансабыңыз көтерілуі мүмкін. Күзге қарай жыл қорытындысын жасай бастайсыз. Қандай да бір мәселе көңіліңізді толтырмаса, еш ренжімеңіз, қызмет пен ақшаға қарағанда отбасы маңыздырақ. Бұл жағынан бәрі жақсы, сәл жұмсағырақ болыңыз.

Махаббат

Бикеш белгісінде туған ер-азаматтарды тұрақты табыс, жақсы қызмет, жайлы отбасы, демалыс күндері қолайлы спортзал күтеді. Мұның барлығы сізге биыл жан тыныштығын сыйлайды. Өмірдің өзі – махаббат деген осы ғой. Көктемде саяхатқа шығасыз. Бұл сіздің өмірлік ұстанымдарыңызға оң өзгеріс әкелуі мүмкін.

Қыз-келіншектер ерлердің назарында болады.  Бұл бойжеткендер үшін тұрмыс құруға септігін тигізеді. Романтикалық кездесулердің соңы ана бақытын, жар бақытын сыйлап, қуанышыңызды арттырады. Отбасылы ханымдар отағасының сүйіспеншілігіне бөленіп, өмірінің жаңа кезеңіне қадам басады.

Денсаулық

Бикеш белгісіндегілердің көп жұмыс істейтіні сонша олар көтерген жауапкершілік жүгі кейде атан түйеге жүк боларлықтай. Уақытында денсаулыққа да көңіл бөліп, дәрігерге қаралу артық етпейді. Көктемде созылмалы сырқаты сыр беруі ықтимал. Көру қабілеті, зәр шығару жолдары әлсіз болғандықтан бастапқы белгісі білінер-білінбестен күнде ертеңге қалдырмай, дереу дәрігерге қаралған жөн. Саламатты өмір салтын ұстанып, пайдалы жеміс-жидектер жесеңіз, ағзаңыз сізге тек алғыс айтады.

Қаржы

Қазір немесе қалаған кезде тілектен бас тартпау сезімі, үнемдеуге деген ерекше құлшыныс, тіпті болашаққа ақша жинау – осының бәрі өн бойынан табылатын Бикеш белгісіндегілер айналасын тәнті етпей қоймайды. Олар шешілмейтін мәселелерді де қалыпты өмір деп қабылдайды. 2020 жылы ешқашан ақшасыз болмайсыз.

Биыл қарызға ақша беруді доғарасыз. Тіпті жақындарыңыз қарызын қайтармағанның күннің өзінде үйге жасалған жөндеу жұмыстары, жаңа жиһаз сатып алу сияқты кішігірім қуаныштар табыс табуға деген ынтаңызды арттыра түседі.

2020 жылға арналған кеңестер

 Бикеш белгісіндегілер үшін махаббат маңызды. Есепке құрылған қарым қатынас немесе «ыңғайлылық» үшін өмір сүру – олар үшін емес. Сезімге бөлену үшін оған сезіммен жауап беру керек. 2020 жыл осы пәлсапаны жақсы түсінесіз. Сондай-ақ биыл шын талантқа тұсау болмайтынын түсінетін уақыт болады. Өзіңізді де жарқыратып көрсетуге мүмкіндік болса, бас тартпаған дұрыс.

ТАРАЗЫ

Таразы белгісінде туған адамдар үшін, ең бастысы, тұрақтылық, кез келген жағдайда өз бағасын білу және өз биігінде қалу: биылғы жыл иесі Тышқан олардың осы қасиетін жақсы бағалайды және оның барлық салада табысқа жетуіне жағдай жасайды. Биыл қолға алған барлық ісіңіз оңынан шешіледі. Өнімділігі өзіңіз ойлағаннан әлдеқайда жақсы болады. Күзде ұзақ мерзімді демалыс алып, денсаулығыңызды күтіп, демалсаңыз құба құп.

Таразы белгісіндегілер бүгінмен ғана жай өмір сүре алмайтындықтан, олар қай кезде де қаржылай қордың болуын қалайды. Биыл мұндай материалдық игіліктер үшін ақша жинауға мүмкіндік беретін бір емес бірнеше табыс көзі болады.

Махаббат

Таразы белгісінде туған ер-азаматтар барлық істе үлгеруге тырысатындықтан «жақсы істегің келсе, онда өзің істе» деген ұстаныммен өмір сүреді, бірақ бұл өз кезегінде шаршап-шалдығуға әкеп соғады, бұдан жүйке жүйесі сыр беруі ықтимал. Сондықтан биыл әр істің өз уақыты болатынын жақсы түсіну керек.

Қыркүйек пен қазанда тағдырдың ғажап сыйын қабыл алыңыз. Отбасылы Таразылар қаңтар-ақпанда барынша күш-жігермен жұмыс істейді, отбасын материалдық тығырықтан алып шығу үшін мұның пайдасы орасан зор. Бала сүйгісі келетін ерлі-зайыптылардың отбасында ғажайып жаңалық болуы бек мүмкін. Мүмкін емес деген нәрсенің өзі мүмкін емес – өмір деген – ғажап қой.

Таразы белгісінде туған қыз-келіншектер ұмытылмас махаббат сезімін бастан өткереді. Басында бұл жай ермек сияқты көрінгенмен, уақыт өте келе некеге ұласатын нағыз сезім, жауапкершілік сезімі екенін жақсы түсінеді. Жұмыс, ақша дегеннің бәрі екінші орынға ығысады.

Денсаулық

Бауырыңыз бен зәр шығару жолдарын, жүрегіңізді күтіңіз. Қан қысымыңыз көтерілуі мүмкін, сондықтан уақытында демалып, уақытында сауықтыру шараларын ойлауды қаперде ұстаңыз. Айналаңызда болып жатқан жағдайларды тым жүрегіңізге жақын алмаңыз. Мұның бәрі жүйке жүйесіне кері әсер етеді, өз кезегінде ағзаны да әлсіретеді. Үнемі күліп жүріңіз, бәріне қарапайым көзбен қараңыз.

Қаржы

Таразы белгісінде туғандар ештеңеге қарамастан табанды еңбек етеді. Жыл бойында қаржы қажет ететін жобалар болуы бек мүмкін. Ең дұрысы, әмиянда ақша азайып бара жатса, оның орнын толтыру үшін қосымша жұмыс көзін табу керек. Тышқан жылы қаржы жағынан ішінара тұрақсыздық болуы мүмкін, сондықтан ақшаны оңды-солды жұмсауға асықпаңыз. Көлемді ақшаны ойланбай жұмсағаннан гөрі сатып алатын зат туралы алдын ала ой елегінен өткізу артық етпейді. Артық ақша әрбір ұсақ-түйек үшін «шықпа, жаным, шықпа» деп отырудың алдын алады ғой.

2020 жылға арналған кеңестер

 Үй жануарын асырап алсам деп жүр едіңіз, соның уақыты келген сияқты. Аптасына бір рет болса да спортпен айналысуды қолға алу керек. Бұл ұсақ-түйек сияқты көрінгенмен кішігірім жеңістер үлкен жеңістің басы екенін ұмытпау керек.

САРЫШАЯН

Сарышаян белгісінде туғандар – харизмасы бар және өте сезімтал адамдар. Олардың көбісі ертең де күн бар екеніне қарамастан басқарушылыққа батыл ұмтылады. Жайлы өмір сүруді жақсы көреді, «бұлай болмайды» деген сөзді суқаны сүймейді. Әйтсе де жыл иесі Тышқан табысқа жету үшін қиындықтан жалтаратындарды жақсы көрмейтіндіктен, биыл өз-өзіңізге ұстамды болуға, қандай да бір мәселелердің шешімін белгілі уақытқа кейінге қалдыруға, бір ауық жұрттың да пікіріне ден қоюға тура келеді. Кейде қандай да бір нәрседен бас тарту арқылы одан да көп табысқа кенелесіз. Жалпы алғанда, Тышқан жылы жайлы өтеді.

Жазға қарай, беріш боп қатқан өкпе-ренішті ұмытып, кім болса да жылы қабақ танытып, татуласуға ұмтылған дұрыс. Ашулануға да күш кететіндіктен, бұл сіздің біраз қуатыңызды ұрлайды.

Махаббат 

Сарышаян ер-азаматтар «алдымда – мақсат бар, кедергі көріп тұрғаным жоқ, өзіме сенемін» деген ұстаныммен өмір сүреді. Мұндай табандылықпен олар кез келген мәселені оңай шешеді. Тек қана эмоция болмаса! Эмоцияға берілу арқылы маңызды келісім-шарттың өзін құрдымға жіберуі мүмкін немесе қажетсіз шешім қабылдайтыны күмәнсіз. Жыл иесіне де бұл ұнай қоймайды. Сондықтан 2020 жылы айналаңызбен емес, өз-өзіңізбен күресуді үйрену керек. Асықпаңыз, ашуланбаңыз, әлі де ойлану керек. Бұлай ету сізді биыл күтпеген табысқа кенелтеді. Сыйақы, ұтыс, қызықты шытырман оқиғалар – бәрін де биылғы жарқын сәттер деп бағаланады. Айналаңыздағы аруларды, өмірлік серігіңізді қалай бар, солай қабылдасаңыз: өмір ғажабын сезінесіз.

Сарышаян белгісінде туған қыз-келіншектер өмірдің театрға бергісіз шырғалаң оқиғаларын жақсы көреді, бірақ биыл бұдан саналы түрде бас тарту керек. Барынша ашық және шындықпен өмір сүру керек. 

Денсаулық

Сарышаян белгісінде туғандар денсаулығына күтіммен қарайтындықтан, алаңдамауына болады. Биылғы жаңа таныстық, оқиғалар, жаңа әсерлер тіпті дәрігерге баруға уақыт таппауы мүмкін. Ұйқыны қандырып, жүйке жүйесін сақтау жеткілікті. Шаршағаныңызды сезсеңіз, дереу демалыс алу керек. Деннің саулығынан асқан байлық жоқ екенін өзіңіз де жақсы білесіз. 

Қаржы

Жылдың бірінші жартысында кіріс пен шығысты қатаң қадағалау маңызды. Ақшаның қолдан сусып шығуы әп-сәтте. Керексіз шығынды азайтып отырсаңыз, жыл аяғында әжептәуір қаржының басы құралады. Жалпы алғанда, жыл ортасына қарай болатын іскерлік ұсыныстан бас тартпасаңыз, көлемді табысқа кенелесіз. Ипотека жабу, жөндеу жұмыстарының төлемі, ағайын-туысқа көмектесу сияқты ірі қаржылық операцияларды орындауға мүмкіндік болады. Жаңа бизнес ашу және ұзақ мерзімді инвестицияның әзірге уақыты келген жоқ.

2020 жылға арналған кеңестер

Сарышаян белгісінде туғандар жай ғана айналып өтетін мәселе деген болмайды. Сондықтан елеусіздеу көрінетін таза ауада серуендеу мен таңертеңгі жүгірудің өзі тығырықтан шығуға септеседі. Осыны қаперде ұстаңыз.

Кешіріп үйреніңіз. Сарышаян белгісіндегілер үшін бұл қиындау болуы мүмкін, бірақ бұл өмірдің жаңа бір жарқын белесіне жол ашады.

МЕРГЕН

Мерген белгісінде туғандар табандылық танытып, тәртіпке бағынса, алға қойған мақсатына оп-оңай жете алады. Тышқан жылында осы мінезіне дипломатиялық нәзік қарым қатынасты қосса, әсіресе іскерлік байланыстарда әдемі шегінуді де білсе, отбасында да шаптыға жөнелмей, шыдамдырақ болса, қандай мәселе болсын, жақсы жағына қарай шешіледі.

Жылдың екінші жартысында ұсақ-түйек нәрселер көңіліңізді түсіруі мүмкін, сондықтан дер кезінде біткен іс нағыз пайдалы болатынын дер уақытында түсіну керек. Жыл аяғына қарай барлық мәселе шешіле бастайды, тіпті бұған өзіңіз де таңқаласыз. Теңізге саяхат, жаңа көліктің кілті, үлкен көлемді сауда-саттық жанға жайлылық сыйлайды.

Махаббат

Биыл Мерген жылында туғандар отбасының қадір-қасиетін сезінеді. Жүрегіңізді қуанышқа бөлейтін жақсы өзгерістер күтеді. Отбасылы адамдар үшін жауапкершілік жүгі артады, жаңа үй сатып алу, еуропалық деңгейде жөндеу жұмыстарын жүргізу, отбасылық жайлы демалыс, жаңа табыс көзін іздеу – бәрі де биылғы Тышқан жылының тартуы болмақ.

Мерген белгісінде туған қыз-келіншектер әрдайым еркіндікті, табысқа өз еңбегімен жеткенді қалайтындықтан, 2020 жылы өзін өзі дамытуға жол ашылады. Жаңа ақпараттармен қарулану, білім алу, онлайн сабақтар, тіпті тіл үйрену де болашақ табысты идеялардың жаңа қадамы болмақ. Ештеңе бекерге кетпейді. Махабатта орнықты сезім сізді жеңіске жеткізеді.

Денсаулық

Денсаулыққа пайдасыз әдеттеріңіз болса, одан арылатын уақыт келді. Тым болмағанда шылым шегуді сирету керек, әйтпесе ағзаңызға кері әсер ете бастайды. Әсіресе бауырыңызды күтіңіз. Ағзаны тазарту процесі артық болмайды. Дұрыс тамақтану, спорт – саулық кепілі.

Қаржы

Мерген белгісінде туғандар жұмыс істегенді жақсы көреді және әрдайым өз ісіне мығым. Бір айтарлығы, өз ақылының да жететініне қарамастан серіктесіне немесе жұмыскерлеріне көзсіз сенуге бейім. Егер компания мүддесінен бұрын өз пайдасын жоғары қойса, бірден-ақ тасы өрге домалар еді. Табыс табудың жаңа көзі ашылады, жұмыс орнын ауыстырудың кезі келген сияқты. Әдетте Мерген белгісіндегілер аса сақ, бірақ өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ. Жыл иесі Тышқан адал, қажырлы еңбек адамының әрбір ісін бағалайды.

2020 жылға арналған кеңестер

Мерген белгісіндегілер қимыл-қозғалысқа бейім болғандықтан жаңа әсерлерсіз, саяхатсыз өмірін елестете алмайды. Бірақ бұл үшін сонша ақша шығындаудың қажеті қанша?! Есесіне өзгелердің де саяхатын ұйымдастырып, пайдалы болсаңыз, өзіңіз де пайдасыз қалмайсыз.

Көңіл-күйі құбылмалы болғандықтан айналасын тез ренжітіп алуы мүмкін. Егер өзіңізді сырттай бақылай алсаңыз, шындыққа тура қарай алар едіңіз. Музыканы сезіне алатын зеректігі кейде елеусіздеу көрінгенмен, талантын танытуға жұмыс істесе жемісті болмақ. Мерген белгісіндегілер – ортаның нағыз гүлі ғой, өнер оның бағын ашуы бек мүмкін. 

ТАУЕШКІ

Жыл иесі сұр Тышқан тәкаппар мен шыдамсызды аса жақсы көрмейді, сондықтан Тауешкі белгісінде туғандар үшін бір мезгілде сабырлы, оптимист болуға тура келеді. Қандай жағдайда да жасымайтын адамдар жыл иесіне ұнайды.

Жылдың бірінші жартысында серіктестермен, жақын адамдармен арада түсініспеушіліктер туындауы мүмкін. Әр сөзіңізге абай болғайсыз. Бір сәттік сезімдер үшін іскерлік байланыстарды екінші орынға ығыстырмаңыз. Сәл осалдық таныту – бүкіл еңбегіңізді зая кетіруі мүмкін.

Жыл аяғында қаржы талап етілетін өзгерістер күтеді. Жаңа табыс көзін іздей бастайсыз. Егер жалқауланбай жаңа дағдыны меңгеріп, білім жетілдіретін болсаңыз, жақсы ақша сізге өз аяғымен келеді.

Махаббат

Тауешкі белгісінде туған ер-азаматтардың табысқа жетуі үшін жоспар, кепілдік және жанкешті табандылық керек-ақ. Өзімшілдігіңіз жарға жықпасын десеңіз, биыл сәл-пәл амбицияңыздың аптығын баса тұру керек. Бойдақтар тағдырына әсер ететін адамын жолықтырады. Ол оның болашақ жұбайы әлде сенімді серіктесі болуы мүмкін.

Теуешкі белгісінде туған қыз-келіншектер – шебер ұйымдастырушы, ұжымда немесе бизнесте міндеттемелерді мінсіз бөлуде одан артығын табу мүмкін емес. Осы қасиеті биыл өмірінің жаңа парағын ашады. Өзіңізге қарауға уақыт табыңыз. Сіз сезім мен махаббатта жолы болған адамсыз.

Денсаулық

Жыл өткен сайын күшіңіз сарқылып бара жатқанын сезінсеңіз, аурудың алдын алуға көңіл бөліңіз. Салдары созылмалы сырқатқа ұласудан сақ болыңыз. Ешбір жағдайда да өз өзіңізді емдемеңіз – дәрігерге қаралыңыз. Құлақ, тамақ ауруларын асқындырып алудан абай болыңыз. Темекіні тастаңыз.

Қаржы

2020 жылы қаржылық жағдай біраз жүйкеңізді жұқартуыңыз мүмкін. Ақшаға үнемді Тауешкі белгісіндегілер үшін шұғыл қаржыға мұқтаждық оңайға түспесі анық. Жылдың екінші жартысында жоғалтқаныңыз орнына келеді. Азырақ күш салсаңыз, жақсы табыс көзін табасыз. Тышқан жылы қарыз беретін жыл емес. 

2020 жылға арналған кеңестер

Тауешкі белгісіндегілер жұрттан көргенін істеуге аса құлықты емес, сондықтан өзгеге таңсық істі бірінші болып бастау үлкен табыс әкеледі. 2020 жылы кез келген ғылым саласының мамандары үшін жемісті болады.

Айналаңыздан қолынан келмейтін істі талап етпеңіз, сонда жұрттың сіз туралы пікірі қалай өзгеретінін өз көзіңізбен көресіз.

СУҚҰЙҒЫШ

Биыл ұнамайтын жұмысты істеу сізді ақылдырақ етеді әрі тәжірибе жинайсыз. Бұл да – сіз жүріп өтетін жол. Әрине бұған ішкі қуат керек, бұл сізде бар. Жаңашылдыққа ұмтылсаңыз, қаржы мәселесінде біраз мәселе шешімін табады. Жыл иесі Тышқан болғандықтан сәл жұмсағырақ болған жөн, адамдармен қарым қатынаста мейірімді көзқарас керек.

Қаншалықты күш салсаңыз, соншалықты жеңіске жетесіз. Бастаған істі жарты жолдан тастап кету арқылы тек өз өзіңізге ғана зиян келтіресіз, бұдан түсетін көк тиын пайда жоқ. 

Махаббат

Суқұйғыш белгісінде туғандар ер-азаматтар – достыққа берік, жақсы одақтас. Бұл – жақсы қасиет. Алайда бұл кейде біреудің тасасында тұрып табыс табуға итермелейтіндіктен, 2020 жылы мынаны ескерген жөн: үнемі жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүремін деу бекер. Биыл жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылады, ең бастысы, мақсатыңызды айқындап алыңыз. Бойдақтардың да өзіне қандай адам керегін нақты білгені жөн. Ал отбасылы адамдарды жанға жайлы жақсы жыл күтеді.

Суқұйғыш белігісінде туған қыз-келіншектердің ойын, бойын жинақтағаны абзал. Тышқан жеңіл ойлылықты жақсы көрмейді. Дүкен аралау деген сөз міндетті түрде зат сатып алу дегенді білдірмейді. Сыртқы келбетіңізді өзгертесіз. Бұл – сіздің ішкі жаңаруыңыздың қадамы. Махабатта жолыңыз болады.

Денсаулық

Суқұйғыш белгісінде туғандар жұмыс десе барлық күш-жігерін сарқып жұмсайтындықтан, биыл сәл бәсеңсіп, денсаулығына көңіл бөлуді ойлаған жөн. Жұмысқа да, демалысқа да уақыт табуды үйрену керек. Адамның өзін өзі аямай жұмысқа салуы асқазан мен жүрекке, бауырға күш түсіретінін білген жөн. Тынықтыратын дәрілік шөптердің тұнбасын ішу өте пайдалы. Зәр шығару жолдары ауырса, уақыт өткізбей дәрігерге қаралу керек. Аурудан қашып құтылу мүмкін емес.

Қаржы

Кіріс пен шығыс дәптеріне мұқият болу несие мен қарызданудан құтқарады. Қаржылық тығырыққа тірелсеңіз, достарыңыз да, ағайын-туған да көмектесе алмайды. Сондықтан жыл басынан ақша мәселесіне ұқыптырақ болыңыз.

2020 жылға арналған кеңестер

Суқұйғыш белгісінде туғандардың басты құндылығы – еркіндігі. Махаббат пен достықты да ішкі еркіндігін сезіне алса ғана қабылдайды. Биыл өмір ақ пен қара түстен ғана тұрмайтынын, оның сан алуан түске боялатынын сезесіз. Сондықтан жан үйлесімділігі үшін ішкі «меніңізді» ұмытып қала да білу керек.

БАЛЫҚТАР

2020 жылы терең тыныс алып, өз өзіңізге келіп, баяу болса да алға басасыз. Былтырғы қателіктерден сабақ алғаныңызды сезесіз. Күш-қайратыңызды азғантай жөндеу жұмыстары, үйдің құжаттарын реттеу сияқты ұсақ-түйек нәрсеге емес, одан маңыздырақ мәселеге жұмсаңыз. Сіз де біртұтас ғаламның бір бөлшегісіз ғой.

Жылдың бірінші жартысында жұмыс істесеңіз, жазға қарай армандаған демалысыңызды алып, сергіп қаласыз.

Махаббат

Балық белгісінде туған ер-азаматты да, қыз-келіншекті де интрига аса қызықтырады. Олар өмірінің бір күнін шытырмансыз елестете алмайды. Бақытқа қарай Тышқан жылында мұндай қызықтардың сізге ешбір зияны жоқ. Сүйіспеншілік сезімі, құндылықтар үйлесімі бақытты отбасының негізін қалайды.

Театр, мейрамхана, авторлық саяхат, ай сайынғы қомақты табыс – бәрі де биылғы жылдың сізге арналған тартуы.

Денсаулық

Денсаулығыңда алаңдайтын ештеңе жоқ. Күн тәртібін қатаң қадағалау, уақытылы тамақтану, спорт – сергектік сыйлайды. Аллергия байқасаңыз, дереу дәрігерге жүгірген дұрыс.

Қаржы

2020 жылы ақшадан қысыла қоймайсыз. Қаржылық тұрақтылықты сезіну – Тышқан жылының басты ерекшелігі болады. Оны өзіңіз де сезесіз. Наурыз, шілде, қазан және қараша айларында ақшамен реттелетін шаруаларда, іскерлік байланыстарда салқынқанды болған жөн.

2020 жылға арналған кеңестер

Балық белгісінде туғандардың ішкі түйсігі мықты дамыған. Оларды ешқашан ішкі сезімі алдаған емес. Биыл да бұл сеніміңізге сызат түсірмеңіз. Ертеңді ғана ойламай, бүгінде де жақсы өмір сүруді ұмытпаңыз. Кейде қазір, осы дәл қазіргі қалауыңыз жан рахатына бөлейтінін қаперде ұстаңыз.

ЕСКЕРТУ: Эксклюзивті материалды «Kyzylorda-news» ақпарат агенттігінің жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды.

Тағы да оқыңыз: