Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші едәуір төмендеп келеді. Бүгінгі тәулікте 150 жағдай тіркелген. Жалпы, жыл басынан бері вирус жұқтырған 13 826 адам тіркелсе, оның 80 пайызы жазылып шықты. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов мәлімдеді.
Брифингте сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары кешеден бастап өңір тұрғындарына “SinoVac” вакцинасы салынып жатқандығын атап өтті. Аймаққа бүгінде ДДСҰ мақұлдаған індетке қарсы “SinoVac” жаңа вакцинасының 11 500 дозасы келген. Қазіргі таңда оның 80 пайызы аудандарға жіберілген. Мәселен, Арал және Қазалы аудандарына – 2000, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарына – 1000, Жаңақорған ауданына – 1500 доза жөнелтілді. Ал Қызылорда қаласына 2000 дозасы қалдырылған.
«Бұл жаңа вакцина инактивтелген. Үлкен кісілерге, науқасы бар жандарға салдыруға болады. Күтілетін реакциялар сирек кездеседі. Кең көлемде сұраныс болады деп ойлаймыз. Жалпы облыста екпе алуға қабілетті 401 мың тұрғын болса, бүгінде соның 63,9 пайызы вакцинацияланды», – деді Ж.Шаймбетов.