Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тілеухан Бекболат Қанайұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Жақсыбай Рахат Жақсыбайұлы, Ұлттық ат спорты түрлерінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Байбуриев Нүркен Манапұлы арнайы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен өткен Қызылорда облысында ұлттық ат спорты түрлерін дамыту бойынша мәжіліске қатысты. Сондай-ақ, жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Оспанов Жақсылық Әбдімәлікұлы, қалалық, аудандық спорт бөлімдерінің басшылары және Қызылорда облысы бойынша Ұлттық спорт түрлеріне жауапты мамандар болды.

Отырыста үш мәселе қаралып, алғашқы мәселе Қызылорда облысында ұлттық ат спортының дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов баяндама жасады. Ал, Ұлттық ат спорты түрлерінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Нүркен Байбуриев Қазақстан Республикасында ұлттық ат спорты түрлерінің дамуы туралы жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай Өңірдегі спорт түрлері бойынша федерациялардың жұмысы. Қызылорда өңірінде республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуді ұйымдастыру мәселелері туралы хабарлама жасады.

Сондай-ақ, отырыс барысында Ұлттық ат спортын дамыту мен спорттық жарыстардың қатарын арттыру бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қызылорда облысында 4 ұлттық ат спорты түрі бойынша (аударыспақ – 190 спортшы мен 5 жаттықтырушы, көкпар – 850 спортшы мен 27 жаттықтырушы, жамбы ату – 30 спортшы мен 1 жаттықтырушы, теңге ілу – 121 спортшы мен 4 жаттықтырушы) 1191 шұғылданушымен 37 жаттықтырушы жұмыс жасауда.

Облысымыздағы 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубында 8 жаттықтырушы-оқытушы 161 спортшымен (1 – біліктілігі жоғары деңгейдегі жаттықтырушы) тұрақты оқу-жаттығу процесін жүргізеді.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында көкпармен – 954, аударыспақпен – 105, теңге ілумен – 61 спортшы тұрақты шұғылданады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама команда мүшелігіне 2021 жылға 2 (аударыспақтан – Оразбек Бекмұрат, жамбы атудан – Өміртай Ғалымжан) облыс спортшылары енгізілген.    

Облыста жамбы атудан – Ғ.Өміртай мен аударыспақтан – С.Әмірсейт пен  Ә.Файзуллаевтар ҚР спорт шеберлері атанды.

Сонымен бірге, №7 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде ұлттық ат спорты (аударыспақ, жамбыату, көкпар) бойынша 18 жылқымен 5 жаттықтырушы 116 спортшыны, ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубында (аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу) 17 жылқымен 3 жаттықтырушы 45 спортшыны баулуда.

Сонымен қатар, облыста ұлттық ат спортын дамыту мақсатында 2010 жылдан бастап ауыл спортшыларының арасында көкпар, аударыспақ, теңге ілу спорт түрлерінен «Алтын Күз» облыстық спартакиадасы тұрақты өткізіліп келеді.

Тағы да оқыңыз: