Kyzylorda-news.kz. Тасбөгет кентінде жоғары жылдамдықпен жүрген автокөлік 4 адамды қағып, оқиға орнында 2 адам көз жұмды. Бұл туралы Қызылорда облыстық Полиция департаменті хабарлады.

Оқиға 23 шілде күні түнгі сағат 22:50 шамасында орын алған. Ресей Федерациясында тіркелген “ВАЗ – 2114” маркалы автокөлігі жоғары жылдамдықпен келіп, “Мерседес – Бенц” маркалы көлігіне жанама соғу арқылы 4 адамды қаққандығы жөнінде полицияға хабарлама түсті.

Жол көлік оқиғасы салдарынан жол жиегінде келе жатқан 28 жастағы азаматша мен оның нәрестесі оқиға орнында көз жұмды, 2 азамат түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен (Абайсызда екі адамның немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

“Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Кінәлі жүргізушінің жансақтау бөліміне жеткізілуіне байланысты оған қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде”,- делінген хабарламада.

Тағы да оқыңыз: