Kyzylorda-news.kz. Қызылордада жоғалған 3 жастағы бала пойызға мініп кеткен.
Қызылорда станциясының көлік полицейлерімен жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде табылған 3 жасар баланың «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызына адамдармен ілесіп мініп кеткендігі анықталды. 2017 жылы туған Ахмедияр Болаттың жоғалғандығы туралы Қызылорда станциясының Желілік полиция бөліміне анасы хабарлаған.
Оның айтуынша, Ахмедияр сол сәтте вокзал перронында әжесімен бірге жүріп, әжесі бір сәтте одан көз жазып қалған. Бала Жалағаш станциясында пойыздан түсірілді. Ол станциядағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерінің қарауында болып, кейін анасына тапсырылды.
«Төбемнен жәй түскендей болды. Темір жолдың қауіпті аумақ екені тағы бар. Ойымыз сан-саққа кетті. Полицейлердің жедел жұмыстарының арқасында балам аман-есен табылды. Алғысым шексіз. Біз үшін естен кетпес оқиға болды», – дейді Ахмедиярдың анасы.
«Жоғалған баланы іздеу үшін Қызылорда станциясының желілік полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері елеусіз қалатын нысандарды, адамдар көп жиналатын орындарды, вокзалға жақын ғимараттарды және пойыз вагондарын тексерді. Полицейлермен жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында жоғалған бала вагон ішінен табылып, аман-есен үйіне оралды. Бүгінгі таңда баланың анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, – дейді, Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары А.Жұматаев.
