*Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласындағы Шымбай көшесіндегі темір жол желісінің ғимаратында «Жер-2021» халықаралық командалық штабтық оқу-жаттығуының арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Аталған оқу-жаттығудың тақырыбы: «2021 жылғы жер сілкінісі кезінде төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарына азаматтық қорғау мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау».*
Жаттығудың мақсаты: жер сілкінісі кезіндегі төтенше жағдайды жоюға азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының әзірлігін тексеру.
Оқу-жаттығуға 15 құрылым, 75 адам, 25 техника қатыстырылды.
Сценарий бойынша 2021 жылғы 21 қыркүйекте сағат 09:00-де – Дағдарыс жағдайларындағы басқару басқармасының телефонына республикалық штабтан Алматы облысы, Қарасай ауданында жер сілкінісі орын алғандығы, оған төтенше жағдайды жоюға қосымша көмек қажеттілігі туралы хабарлама түсті.
Осыған орай дағдарыс жағдайларындағы басқару басқармасының жедел кезекшісі жедел әрекет ететін қызметтерге жағдайды хабарлады. Одан соң авариялық-құтқару қызметтерді жинап, күш-құралдар нақтыланды. Одан кейін техникаларды платформаға тиеп, жолаушыларды вагонға отырғызды.
Департаменттің жедел тобы төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылған азаматтық қорғау қызметтерінің күш-құралдары туралы ақпаратты басшылыққа жолдады.
Оқу-жаттығу соңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев қорытындылап, жергілікті және республикалық телеарна журналистеріне сұхбат берді.