Kyzylorda-news.kz. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінде  сотталған азаматтар  балаларын бейнебайланыс арқылы  мерекемен құттықтады.  Мекеменің тәрбие жұмысы бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға 10-нан астам сотталған өтініш білдірген. Олардың бірінің баласы 11 сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басып жатса, бірінің інісі мектепті үздік бітіріп жатыр.

«Балаларым – менің бақытым, болашағым. Бала көңілдің гүлі, көздің нұры» – деген жақсы сөз бар қазақта. Аман-есен жазамды өтеп шықсам, балаларыма жақсы тәрбие беремін»- деді сотталған азамат.

Балаларымен  байланысқа шыққан  сотталған азаматтың 5 баласы бар екен. Оның отбасы Түркістан қаласында тұрады.   Үлкені биыл  мектеп бітіріп жатыр. Кезек-кезек балаларымен сөйлескен әке көзіне жас алып, балаларына денсаулық тілеп, қуанышты күнде жандарында бола алмағына іштей өкінішін білдіріп жатты. Ол жол-көлік оқиғасын жасап, 2020 жылдан бері осы мекемеде жазасын өтеуде. 

«Сотталған азаматтардың отбасыларымен байланыстарын үзбеу мақсатында өз өтініштері бойынша бейнебайланыс арқылы жиі балаларымен, ата-аналарымен сөйлеседі. Адамның түзелу жолына түсуі, қоғамға толыққанды адам ретінде қайтарылуы олармен жүргізілген тәрбие жұмыстарынынң пәнменділігінде. Сондықтан да жазасын өтеушілермен жүргізілетін тәрбие жұмыстарына айрықша назар аударамыз»,-деді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Қ.Дайрабаев.

Тағы да оқыңыз: