Kyzylorda-news.kz. Табиғат қорғаушылар жыл басынан бері бес жүзден астам рейд шараларын өткізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Суда рұқсат етілмеген ау құралдарын және электр тоғын пайдаланушылар әлі де бар. Қолға түсіп, айыппұл арқалағандар да аз емес. 20 қылмыстық іс қозғалған. Балық шаруашылығы инспекторлары кезекті рейд барысында жаға ұстатарлық жағдайға тап болды. Рұқсат етілмеген ау түрлерінен бөлек балықты үлкен кернеулі тоқпен ұрып, қырып жібергендер қолға түсті. Бұл бірер ай бұрын ғана болған оқиға еді.

«Тоқпен ауланған құралдары сол қылмыстық іс болып саналады. Жыл басынан бері қазіргі қылмыстық істе бізде 20-сы қозғалып тұр, 561 әкімшілік хаттама толтырылған», – дейді «Арал-Сырдария» облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрхан Болат.

Инспекторлардың айтуынша, өзен-көлдерден қармақ құралымен 1 адамның 5 келі балық аулауына болады. Ол үшін еш жерден рұқсат алаудың қажеті жоқ. Бірақ су маржанының жолына тор құру жауапкершілікке әкеп соғады.

Шиелі ауданының тұрғыны айдың күннің аманында 26 мың теңге көлемінде шығындалатын болды. Табиғатқа келтірілген залал мен айыппұлдың жалпы көлемі осындай.

«Балықты заңсыз молынан аулап, сатуды кәсіп еткендерді қолға түсіру де оңай емес», – дейді мамандар.

Сондықтан «Арал-Сырдария» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясына жаңадан техникалар да берілген.

«Жаңадан техникалар келіп жатыр, 4 жол талғамайтын автокөлік және 3 шетелдік моторлар салынған қайықтар келді жаңадан. Оларды да қолданысқа енгізіп, алдағы уақытта бақылау жұмыстарын бұдан да күшейтеміз деген ойдамыз», – дейді «Арал-Сырдария» облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекциясы бөлімінің бас маманы Руслан Сейітмұратов.

Рейд шаралары жыл бойы бір сәтке де тоқтамайды. Жалпы биыл табиғат заңдылығын бұзғаны үшін 472 адамға 7 млн теңгеден астам айыппұл салынып, толық өндірілген.

Тағы да оқыңыз: