Қызылордада вирустық инфекцияның алдын алу шаралары жүргізілуде – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылордада вирустық инфекцияның алдын алу шаралары жүргізілуде

24.01.2020, 16:20

455 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада тұмау мен ЖРВИ эпидемиологиялық ахуалы және коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Идрисова мәлімдеді.

«Облысымызда тұмау ауруының алдын алу мақсатында 2019-2020 жж. эпидмаусымына 80 000 доза вакцина алынып, 78199 адам екпе қабылдады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер есебінен де вакцинациялау қарқынды жүзеге асырылды. Жұмыс берушілермен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, 2000-ға жуық қызметкерге тұмауға қарсы екпе егілді»,- деді Әлия Нұрмағанбетқызы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қытайда короновирустың жаңа түрі пайда болып, эпидемияның таралуына түрткі болып отыр.Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының аумағында белгіленбеген этиологияның пневмониясының әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулы қабылданды. Соның негізінде, біршама профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Мұнан өзге, вирус шыққан Ухань қаласына елімізден тікелей рейстер болмағанымен, Қытайға барып-келген азаматтарға санитар дәрігерлер тексеру жүргізуде. Қазіргі таңда елімізде аталмыш вирусты жұқтырған азаматтар анықталмады.

«Облысымызда Қытай елінің азаматтары жұмыс жасайтын компанияларға, көші-қон саласы бойынша облысымыздағы уәкілетті органдарға сақтық шараларын күшейту туралы қызметтік хаттар жолданды»,-деді Әлия Нұрмағанбетқызы.

Сонымен қатар, департаменттің эпидемолог мамандары короновирустың белгілері тұмауға ұқсайтындығын ескертті. Науқас жөтеліп, тұмауратады, кеуде қуысы ауырып, дене қызуы көтерілетінін айтты. Сондықтан суық тиюдің белгілері байқалған жағдайда өз бетімен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Әйтпесе науқастың жағдайы нашарлап, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

0

Пікір қалдыру