Қызылорда: Бюджетке 48 миллион теңге шығын келген – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылорда: Бюджетке 48 миллион теңге шығын келген

20.10.2020, 15:00

230 0

Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері қала көшелеріндегі орын алған жол көлік оқиғалары мен вандализм салдарынан бюджетке 48 миллион теңге шығын келген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қала әкімдігінде өткен брифингте мәлім етті.

Бүгінгі күнге дейін автокөліктердің түнгі жарық бағаналарына соғуының 42 дерегі тіркелсе, жол көлік оқиғаларының салдарынан 3 дана бағдаршамға, 6 айналма жолға айтарлықтай зақым келген. Аялдамаларды қиратып кету дерегі бойынша 36 жағдай орын алғаны анықталып, қалалық полиция басқармасының мәліметіне сәйкес жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен кіші архитектуралық формаларды және урна, орындықтарды сындыру, бүлдіру, ұрлау сынды 6 вандалдық әрекет тіркелген.

Жоғарыда аталған деректердің жиілеуінен бюджетке келтірілген шығындардың көлемінің көбейюі қала тұрғындарына өз дәрежесінде жағдай жасауға кері әсерін тигізіп отыр деген Асқарбек Темірбекұлы заң бұзғандар жауапкершіліктен құтылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар қала әкімдігі зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізіп келе жатқанын және қаладағы аллеялар, гүлзар бақтары, аялдамалар мен орындықтар, қоқыс жәшіктері, баннерлер мен жарық шамдары, мұның барлығы халықтың игілігі үшін орнатылғанын сондықтан әрбір мүліктің қалыпты жағдайда болуына қоғам болып атсалысу керектігін айтты.

Айта кетейік, 2020 жылдың ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерге жүргізілген талдау мәліметіне сәйкес қала тұрғындарынан 2 мың 584 сауал жолданған. Оның ішінде, сауалдардың 10 пайызы тағылық, бұзу, сындыру, бүлдіру, көше бойын қоқыспен ластау әрекеттерінің үлесінде. Бүгінде өтінімдердің 97 пайызы дер кезінде шешімін тапқан. Қалған 3 пайызы қаржы бөлінуіне қарай орындалатын сауалдар болып табылады.

0

Пікір қалдыру