Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы  «Aray city mall» сауда кешенінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акциясы өтті. Акция барысында ерікті жастар «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты ұранымен флэшмоб ұйымдастырды.

Акцияның негізгі мақсаты– әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы айту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғауға хабардар ету деңгейін арттыру, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы ақпараттық-насихаттау жұмысы болып табылады.

Сонымен  қатар  ұйымдастырушылық мәселелерін шешу үшін іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатарынан жұмыс топтары  құрылды.

Аталған мәселе туралы жадынамалар, ақпараттық түсіндірмелер қоғамдық орындарда таратылды.  

«Аймақта жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен 69қылмыстық әрекет тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 10 айында 93-і құраған болатын. Былтырғыға қарағанда биыл қылмыстық әрекет азайды дегенмен, статистикалық мәліметтер бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрбір үшінші отбасында кездесіп, тіркелген қылмыстардың 30 пайызын құрайды.        Орын алған қылмыстардың негізгі себептері ұрыс-керіс, қызғаныш, маскүнемдік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Үйдегі жанжал кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне де әкеп соғуда», – делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тағы да оқыңыз: