Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.

Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау және мүдделі органдардың басшылары қатысып, төтенше жағдай кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Бас Прокуратураға белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы төтенше жағдай кезеңінде жаппай тәртіп бұзушылықтар орын алған жағдайда құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар заңдылыққа сәйкес шаралар қабылдауы қажет. Отбасылық жиын-тойларға шектеу қойылсын. Сонымен қатар, тұрғындар арасында Ұлттық гвардия мен полиция департаменті қызметкерлері күнделікті қаланы аралап, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет», – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Соңғы уақытта қалыптасқан санитариялық – эпидемиологиялық ахуалға байланысты Қызылорда қаласы мен Жаңақорған кентінде карантин жарияланып, бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Ұйымдастырушылық және өзге де шаралардың бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін 10 бағыт бойынша жұмысшы топтар құрылды. Облыс әкімі аппаратының жанынан ақпараттық–талдау тобы құрылды.

Сондай-ақ, отырыста салық төлеуші ретінде тіркелген такси жүргізушілері ғана қызмет көрсете алатыны айтылды.

Айта кету керек, Қызылорда облысы әкімдігінде тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін 400-100 байланыс нөмірінде «Call Center” жұмыс істейді.

Тағы да оқыңыз: