Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай талаптарын сақтамаған 280 тұрғын анықталды.
Қызылорда облысында 16 наурыздан бастап төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта облыс бойынша рейдтер жүргізілді. Сол шаралар барысында 499 мекеме мен ойын-сауық орындары тексерілді. Нәтижесінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 476-бабымен 280 құқық бұзушылық анықталды.
«Аталған құқық бұзушылықтар негізінде Қызылорда қаласында 161 дерек тіркелсе, аудандар бойынша Аралда – 21, Қазалыда – 21, Қармақшыда – 13, Жалағашта – 5, Сырдарияда – 11, Шиеліде – 18, Жаңақорғанда – 11 және Байқоңыр қаласындағы өкілдікпен 19 оқиға нақтыланды. Сол арқылы Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 173 әкімшілік іс қаралды. Ол бойынша 77 тұлғаға айыппұл салынып, 95 тұлға әкімшілік қамауға алынған», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған материалдарға мониторинг жүргізілді. Жалған ақпарат таратқан 11 дерек анықталып, олар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағына кіретін автожолдарда азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мақсатында 3 санитарлық-өткізу бекеттері жұмыс атқаруда. Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.