Kyzylorda-news.kz. Ұрлық қылмысына күдіктелген тұлға төлем қабылдайтын терминалдарды дәріханалардан ұрлаған. Алайда, үш терминалды қолды еткен ол көп ұзамай тәртіп сақшыларының құрығына ілінді.
Оқиға ағымдағы жылдың шілде айының басында болды. Полицияға мекеме директоры арызданып, оларға тиесілі үш терминалдың ұрланғанын айтқан. Ұрлық жасауға бел буған белгісіз азамат қала орталығында орналасқан дәріханалардағы терминалдарға көз салған. Сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлерге я күзетшіге өтініш айтып, дәріхананың ішінде орналасқан терминалды бірге көтеріп шығып, алып кететін болған.
Осылайша, алдын ала құрған жоспары бойынша бұл азамат дәріханалардағы үш терминалды қолды еткен.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмыстарға күдікті ретінде Түркістан облысының 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Үш бірдей қылмысты өзі ұйымдастырып, арам ойын жүзеге асырған азамат Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде. Шығын көлемі есептелуде. Қазіргі уақытта полицейлер алысқа ұзамаған ұрының басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
