Kyzylorda-news.kz. Облыста жұма, тарауих, ауызашар өткізудің тәртібі жергілікті бас санитарлық дəрігердің шешіміне сəйкес өзгертіліп отырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Абуов баяндады.

«Біз қазір сары аймақтамыз. Дегенмен жұма, тарауих намазында санитарлық талаптарды сақтай отыра қысқа сүрелер оқып, адамдардың көп айналмауына жағдай жасаудамыз. Сондай-ақ, 50 адамға дейін, тек талапқа сай келетін мешіт асханаларында ғана ауыз ашуға рұқсат беріліп отыр. Бірақ қазіргі жағдайда барынша әркім өз отбасында ауыз ашқаны дұрыс. Айта кетейін, биыл да өткен жылдағыдай «Ауызашар қоржыны» атты қайырымдылық акциясын қолға алмақпыз. Себебі елдегі ахуалды одан әрі ушықтырып алмауымыз қажет. Алда бұдан басқа қандай да бір өзгерістер болса, қосымша хабарлаймыз», – деді Болатбек Абуов.

Сондай-ақ, биыл пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның ең төменгі бағасы көлемінде, жан басына 420 теңге болып белгіленді. Садақаны мешітке келіп немесе каспий банк жүктемесіндегі арнайы қайырымдылық бөлімі арқылы онлайн төлеуге болады. Бұдан бөлек, еліміздегі эпидемиалогиялық ахуалға байланысты рамазан айындағы барлық шараларда онлайн форматта өтетін болды.

«Бізге биыл рамазан айы қалай өтетіндігі туралы тұрғындар тарапынан сұрақтар жиі қойылды. Соған нақтырақ тоқталып өтейін. Биыл ҚМДБ-ның «Халық Арна» телеранасы мен инстаграм, ютуб парақшаларында «Берекелі Рамазан» рухани марафоны, ауызашар ақытында «30 күннің берекесі» атты рухани сұхбаттар, «Рамазанның кешінде» атты тікелей эфирлер өткізіледі. Сондай-ақ, республикалық Call-орталық тәулік бойы үздіксіз түрлі сұрақтарға жауап береді», – деді Болатбек Абуов.

Тағы да оқыңыз: