Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыру: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысы ҚАЖ департаментіне қатысты ЗК-169/1 тергеу изоляторына электронды терминал орнатылған болатын. Осы терминал арқылы бас бостандығынан айырылғандар тиісті мекемелерге арыз-шағымдарын жолдай алады.
Бүгінгі таңда бұл терминалға мекеменің инженерлік-техникалық күзет қызмет тобының аға инженері, әділет капитаны Асхат Бердібек жауапты болып бекітілген. Маман алғашқы күннен бастап терминалды пайдалану бойынша сотталғандарды оқытып келеді.
«Құрылғының функционалды ерекшеліктері бар, мысалы, сотталушының өзінің үндеуін жіберуі үшін құрылғыны жасаушылар «Secugen» деп аталатын саусақ ізін биометриялық сканерді ұсынады. Бұл жай ғана бағдарлама емес – бұл мекемедегі барлық сотталғандардың саусақ іздері мен анықтамалық деректері енгізілетін база. Шағым мен өтінішті сотталғандар мен тергеуге қамалған азаматтар өздері ресімдейді, олар өздерінің дербес деректерін енгізіп, оларды саусақ іздерімен растайды», – дейді жауапты маман.
Бүгінде терминалды пайдаланып, арыз-шағымдарын жолдағандар бар.
«Жеке ісім бойынша Қызылорда облыстық прокаратурасына арызымды жолдадым. Ол үшін бөгде жанның қатысуынсыз, алдымен дербес деректерімді енгізіп, саусақ іздерімді растап, терминалдан 1523 сандық түбіртегін алдым. Бұл түбіртек өтінішімнің қарау кезегі болып саналады. Осылайша мен, құқықтық қажеттілігіме автоматтандырылған, оңтайландырылған электронды жүйеде қолжеткізіп отырмын. Мекеме басшылығына жүгінбей-ақ, бұндай ашық рәсімді пайдаланғаным жеке құқығымның сақталғаны деп білемін», – дейді сотты болған қызмет алушы.

