Kyzylorda-news.kz. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, ЗК-169/4 мекемесінде тәрбие бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сотталғандар арасында ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарыс өтті.
Сотталған азаматтардың қатысуымен болған бұл іс-шарада, олар ақынның өмір жолы мен шығармалары жайында жан-жақты ой қозғады. Олардың бірі өлеңдерін мәнерлеп оқыса, енді бірі ақынның қанатты сөздерінің мағынасын түсіндірді.
«Мен, кітапханадан ақынның өлеңдер жинағын алып оқыдым. Ақынның «Маса» жинағына енген өлеңдері- халықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу болып табылады. Маса сияқты ызыңдап, енжар, жалқауларды оятып білімді болуға үндейді. Білімді адамның күні жарық болады. Сондықтан мен де өз-өзімді дамытып, рухани байлығымды арттыру үшін мекеме кітапханасына жиі барып ақын, жазушылардың кітаптарын алып оқимын», – дейді жазасын өтеуші Мақсат.
«Бұл іс-шараның сотталғандар үшін тәрбиелілік мәні зор болды. Өйткені олар ақын шығармалары арқылы өз-өзін танып, өз міндеріне сыни қарап адамгершілік қасиеттер мен «толық адам » қандай болу керектігі жайлы толғанысқа түсіп, біраз рухани азық алды. Шараға белсене қатысқан сотталғандар мекеме бастығының бұйрығымен марапатталатын болады»,- деді әділет аға лейтенанты Айнұр Абдрашитова.

