Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында соңғы он күнде тағы үш оқушы коронавирус жұқтырған. Олардың арасында мектепке қатынап оқитын бала жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетелік, қазірге дейін облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 301 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 194 баланың жасы 14-ке дейін болса, 15-19 жас аралығындағы 57 жасөспірім бар.
«Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап облыс бойынша 11 оқушы коронавиус инфекциясын жұқтырды. Атап айтқанда, 3 оқушыдан ауруханаға жатар алдындағы тексеру кезінде анықталса, 8 оқушы коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардан жұқтырып алған. Оқушылардың барлығы қашықтан білім алады. Мектепке қатынап оқитын оқушылар арасында қатерлі дерт жұқтырғандар жоқ», – деді Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Департамент мамандары ата-аналар балалардың ересектермен бірдей деңгейде сақтық шаралары мен әлеуметтік оқшаулау ережесін сақтауына баса назар аудару қажеттігін айтады.
Биылғы оқу жылының екінші тоқсанында облыстағы 121 мектепте 19 314 оқушы дәстүрлі форматта білім алса, 179 мектептің 117 190 оқушысы қашықтан оқып жатыр.