Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 3 айында облыста тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 21%-ға, ауыр қылмыстар 29%-ға, ұрлық 41%-ға, пәтер ұрлығы 43%-ға, мал ұрлығы 20%-ға және бұзақылық қылмыстары 47%-ға төмендеді.

«Біз қылмыстың алдын алу, ізін суытпай ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол апаттылығын болдырмау мақсатында күнделікті профилактикалық жұмыстар жүрігізіп келеміз. Алайда адамдарды алдап, сеніміне кіріп, оның мүлкіне қол сұғып, алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлер азаймай тұр. 2021 жылдың 3 айында 301 алаяқтық қылмысы тіркелді. Мұның бәрінде қылмыскерлер «пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін» деп жәбірленушінің ақшасын иемденген. Аталған қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалуда. Сондықтан, тұрғындардан бейтаныс, толық-білмейтін, жеңіл табыс табуға уәде берген адамдарға сенімділік танытпауды сұраймыз», – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.

Сондай-ақ, жыл басынан бері 64 жол көлік оқиғасы орын алған. Онда 20 адам қайтыс болып, 90 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды.

«Қазір мектеп оқушылары офлайн форматтағы оқуға көшуіне байланысты білім беру орындары аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ювеналды полиция және патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Сондықтан тұрғындар белгіленген жылдамдықты асырмай, қарсы бағытқа шықпай, автокөлікті мас күйде басқармай, жол ережелерін қатаң сақтаса деймін», – деді Ш.Егенбердіұлы.

Айта кетейік, бүгінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымының қатысумен «ZOOM» байланысы арқылы дәрістер өткізілуде.

Тағы да оқыңыз: