Қызылордада құқық қорғау саласы қызметкерлері арасында форум өтті – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада құқық қорғау саласы қызметкерлері арасында форум өтті

16.05.2022, 17:20

425 0

Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы аясында құқық қорғау қызметі саласы өкілдері арасында форум ұйымдастырылды.

Форум аясында спорттың төрт түрінен спартакиада, ғылыми-инновациялық көрме және университет өнерпаздарының концерттік бағдарламасы өтті.

Шараның салтанатты ашылу рәсімі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында басталып, қорытындысы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде аяқталды.

Жиында Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай қатысушыларға сәттілік тілеп, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.

«Университеттің профессор-оқытушылары құқық саласы мекемелерімен тығыз жұмыс істейді. Біздің білім алушылар білікті мамандардың жетекшілігімен тәжірибеден өтіп, өз білімдерін жетілдіруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның басты принципі әділеттілік болуы тиіс деген болатын. Сондықтан жауапкершілігі жоғары салада білікті де білімді, өз саласының нағыз мамандарын даярлауда бірлесе атқарар жұмысымыз жалғасын таба бермек»,- деді Жандос Базартай.

Шараның мақсаты – профессор-оқытушылар мен құқық қорғау қызметі саласы қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау.

Қатысушылар спорттың шахмат, футбол, арқан тартыс, жүзу түрлерінен бақ сынап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3-орын иеленсе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 2-орыннан көрінді. Ал Қызылорда облысының Полиция департаменті спартакиаданың жеңімпазы атанды.

Жалпыкомандалық біріншілікте жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне университеттің арнайы кубогі және дипломдары табысталды. Сонымен қатар, құқық саласы мамандарын даярлауда бірлесе еңбек етіп жүрген қызметкерлер Алғыс хатпен марапатталды.