Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында Серік Дүйсенбаевтың төрағалығымен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысына ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғ.Ілкібаев, тиісті қалалық дербес бөлім басшылары, қалалық Полиция басқармасының өкілі қатысты.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес 2 мәселе қаралып жан-жақты талқыланды.

Атап айтқанда, бірінші «Қалалық жер қатынастары бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша биылғы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстары туралы» мәселесі бойынша кеңес мүшелері тарапынан игерілмеген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, әрі қарай мұқтаж, ауыл тұрғындарына пайдалануға беруге жер мәселесіне қатысты заңға өзгерістер енгізу қажеттілігінің туындауына байланысты ұсыныстарын білдірді.

Екінші «Қала аумағында жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтау жөніндегі шаралар туралы» мәселесі бойынша кеңес мүшелері тарапынан «Универсам» аялдамасының көлік қозғалысына кептелістер келтіруіне байланысты тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.

Қала көшелеріндегі «Арқан», «Сергек» бейнекамераларының тұрақты жұмыс жасауын қадағалау және санын көбейту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жол белгілерінің нақты қажеттілігіне байланысты орнату тапсырылды.

Күз-көктем мезгілдерінде еріген қар мен жаңбырдың әсерінен қала көшелерінде жиналған сулар уақытылы тазартылмай, әсіресе тұрғындардың аялдамаларда қоғамдық көлікке отыруға қиындықтар туындайды. Осыған орай, жол жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында лас сулардың арнайы арық жүйелеріне ағуын қамтамасыз ету тетігін ойластыру, сондай-ақ арнайы қондырғылармен лас суларды тарту жұмыстарын уақытылы жүргізу тапсырылды.

Тағы да оқыңыз: