Kyzylorda-news.kz. Қызылордада облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қатысуымен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «6 желтоқсан – ҚР Прокуратурасы күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, үйлестіру кеңесінің мүшелері, прокуратура органдарының ардагерлері, облыстық, қалалық, аудандық прокурорлар мен табиғатты қорғау, көлік және әскери прокуратуралардың қызметкерлері қатысты.

1991 жылдың 6 желтоқсанында арнайы қаулымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 1992 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болып, ал, 1994 жылы 12 ақпанда Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен Қазақстан Республикасының Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды.

Аймақ басшысы барлық прокуратура саласының ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

“Прокуратура органдары бүгінгі таңда құқықтық саясатты, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, заңдылық пен тәртіпті сақтау саласында өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. Осы жылдар ішінде прокуратура органдары өзінің қалыптасу жолдарынан өтті. Прокуратураның беделі еселеп өсіп, оның әлеуметтік маңыздылығы арта түсті. Елбасы және Мемлекет басшысы қойып отырған маңызды міндеттерді орындай отырып, прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің сенімді тірегі болды деуге болады. Прокурор еңбегі өте жауапты және маңызды екені белгілі. Сіздер елімізде заңдылықтың, құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп келесіздер “,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Шарада сала қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты, Бас Прокурордың және облыс прокурорының марапаттары табысталды.

Тағы да оқыңыз: