Қызылордада қашықтан оқу басталды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада қашықтан оқу басталды

06.04.2020, 15:00

1068 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары үшін қашықтан оқу үдерісі сәтті басталды. Жас зияткерлер онлайн режимінде пәндер бойынша сабақтарға қатысып, төртінші оқу тоқсан бағдарламасын меңгеруде.

Саягүл Өмірбек ұзақ демалыстан кейін сыныптастарымен бірге қайта қауышты. Алайда бұл жолы оқу қашықтан ұйымдастырылып, оқушылар ұстаздарынан онлайн түрде білім алады.

«Бұған дейін байқау сабақтары өткізілгендіктен, сабаққа қосылу қиынға соқпады. Бірінші сабақ – орыс тілі болды. Жаңа тақырыпты меңгеруде мұғалім онлайн түрде жеке және топтық тапсырмалар бере отырып сабақты қызықты ұйымдастыра алды», – дейді 7-сынып оқушысы Саягүл.

Зияткерлік мектеп оқушыларының қашықтан оқуы үшін MicrosoftTeams платформасында арнайы онлайн сыныптары ашылған болатын. Қашықтан оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыруда мектеп, оқушы, ата-ана арасында тығыз байланыс орнатылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген-ді.

«12-сынып оқушыларына Қазіргі әлемдегі Қазақстан пәнінен 20 минуттан екі сабақ өткіздім. Барлық оқушылар байланысқа шығып, белсенді қатысты. Балалардың дауысы аңық естілді. Ауызша және жазбаша жауап беріп отырды», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Зейнулла.

Жаңа форматта оқыту жүйесіне сәйкес оқушылар күнделікті сағат 8.30 дан 12.30-ға дейін негізгі пәндер бойынша сабақтарға қатысса, түстен кейін ұстаздарымен жекелей байланысқа шығып, қосымша білім алуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, сабақта пайдаланылған барлық оқу ресурстары мен жүргізілген видеожазылым платформаға еңгізіледі. Күнделікті ұстаздар оқушыларға кері байланыс беріп, оқу бағдарламасын меңгеруде қажетті көмек көрсетеді.

Айта кетейік, облыстағы 293 мектепте де бүгіннен бастап ІV тоқсан сабақтары қашықтан оқытылып жатыр.