Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының ПД Қазалы ауданының ПБ қызметкерлері көпбалалы отбасыға азық-түлікпен көмектесті.
Ел ішінде әлеуметтік жағдайы төмен түрлі отбасылар бары анық. Бастысы адамгершілік қасиетті жоғалтпай-қиналғанға қол ұшын созу. Кеше Қазалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыға азық-түлік пен шаруашылық заттарын алып барды.
“Қиналғанға қол ұшын созу әрбіріміздің адами борышымыз. Оның ішінде халықтың санын көбейтіп, ел мүддесіне қызмет ететін ұл-қыздарды өсіріп отырған мұндай отбасыларға демеу көрсетуіміз керек. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында жұмыс істеп жатқанын білеміз. Бізде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осылай көмек көрсетейік деп шештік. Бұл үрдіс полиция қызметкерлерінің арасында алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады”, – деді Қазалы ауданының ПБ бастығы Айбек Алиев.
Айта кетейік, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш ауданының полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Жылы жүрек – жомарт қол» атты акциясы өткізілді.
Акция барысында аудандық Полиция бөлім басшылығының ұйымдастыруымен жеке құрам атынан Жалағаш аудандық білім бөлімінің Жалағаш психологиялық-педогогикалық түзету мекемесінде оңалту сабақтарын алатын балалардың отбасына қайырымдылық мақсатында азық-түлік пен керекті шаруашылық заттары табыс етілді.

