Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 15 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
Іс-шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, есепке алу, қолдану, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде, тұрғын үйлерде осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Аталған іс-шараға байланысты, облыс көлеміндегі базарлар мен сауда орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.Мереке қарсаңында балалар арасында жарақат алуды болдырмау мақсатында, барлық білім беру мекемелерінде ЖПҚб-нің мектеп инспекторларымен кәмелетке толмағандармен қауіпсіздік шаралары туралы дәрістер өткізілуде.
Сондай-ақ, Қызылорда қалалық желілік полиция бөліміне Қызылорда облысы аумағындағы барлық бекеттерде темір жол қозғалысы арқылы сертификатталмаған өнімдерді тасымалдаудың жолын кесу, анықтау жөнінде нұсқаулар жолданды.
Елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ азаматтық пиротехникалық заттардың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолдану үшін жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сату-сатып алу, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға –5, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, еркін сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен, заттармен сауда жасау ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.