Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Қызылорда облысының Полиция департаментінде полиция қызметкерлерінің аналарына «Офицердің анасы» медалі тапсырылды.
Салтанатты рәсімде аналарға «Офицердің анасы» медалін Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Дәурен Ибраев табыстады.
«Құрметті аналар, шын жүректен марапаттарыңызбен құттықтаймын және ұл-қыздарыңызды, нағыз офицер мен Отан сүйгіш, Қазақстанның лайықты азаматтарын тәрбиелегендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге ұзақ өмір, бақыт және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әр үйде береке, шаттық пен жылулық болсын»,- деді Дәурен Ибраев.
Бүгінгі іс – шараның мақсаты – офицер мәртебесін көтеру және лайықты ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналарға алғыс білдіру. Марапат ұл-қыздары полиция қатарында лайықты қызмет атқаратын аналарға беріледі.
Медальда анасына гүл сыйлап тұрған офицер және «Офицердің анасы» деген жазу бейнеленген.