Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт-құтқару спортынан облыстық жарыс өтті.

 Жарыс қызмет бабында қаза болған Қазбек Төреманов, Арман Төлеубаев, Арғын Әшірбековтерді еске алуға арналған.  Құқарушылар әріптестерін  еске алып, 1  минут үнсіздік жарияланды.

 «Құрметті қонақтар мен жарысқа қатысушылар! Бүгін өткізгелі жатқан жарысымыз қызмет барысын орындау барысында қаза болған әріптестерімізге арналған. Бейбіт еліміздің батырларының есімдері әрқашан жадымызда. Жыл сайын өрт сөндіру бөлімдері арасында өрт-құтқару спортынан жарыстар өткізілуде. Өрт сөндіру-құтқару спорты –  бұл сізге өз дағдыларыңызды шыңдауға, құтқару операциялары кезінде қызметті мүлтіксіз орындауға көмектесетіні сөзсіз», – деді Қызылорда облысы ТЖД бастығы полковник Руслан Қайрақбаев.

Одан соң қызмет бабында қаза болған Арғын Әшірбековтің әкесі, полиция қызметінің ардагері Қазбек Әшірбеков, облыстық ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Мұсаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа өңірдегі 16 командадан 112 спортшы және жасөспірімдер  қатысты. Бүгінгі жарыс бағдарламасына оқу мұнарасының 4 қабатына шабуыл сатысымен көтерілу (қызметкерлер үшін), жылжымалы үш иінді сатыны орнату және оқу мұнарасының екінші қабатына көтерілу (жасөспірімдер үшін) сынды қызмет түрлері енді.

Аталған іс-шараның кезекті кезеңдері мен жабылу рәсімі ертеңге жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: