Kyzylorda-news.kz. Қызылордада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «ВОЛОНТЕРЛІК – ӨМІР БЕЛЕСІ» атты облыстық волонтерлер слеті өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, жыл басынан бергі қиын сәтте қайырымдылығын аямаған, бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне, соның ішінде волонтерлердің жыл басынан бері атқарған игі жұмыстарына тоқталып, алғысын білдірді.
«Тәу етер Тәуелсіздігіміз – біздің ең басты құндылығымыз! Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берген сыйы», – дегенін жақсы білесіздер. Тәуелсіз ел болудың арқасында біз ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, аз ғана мерзім ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Осы ретте, жабырқағанның жанына жалау болып, қамыққанға қол ұшын беру, қайырымдылық жасау – халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттердің бірі екенін айта кеткеніміз абзал, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.
Шара одан әрі марапаттау кезеңімен жалғасып, облыс әкімінің орынбасары бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалін, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің алғыс хатын, Республикалық волонтерлер фронт-офисі директорының алғысын, Қызылорда облысы әкімі орынбасарының алғыс хатын және «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын табыстады.