Қызылордада модульдік бассейндер ашу жоспарлануда – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада модульдік бассейндер ашу жоспарлануда

11.06.2021, 11:45

306 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен суға түсуге қауіпті аймақтарға 188 ескерту тақтайшалары орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Талғат Исмағұлов баяндады.

«Жыл басынан бері су айдындарында 18 адам қаза болса, оның 12-і кәмелеттік жасқа толмағандар. Су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері – бұл балық аулау кезіндегі абайсыздық, су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтамау және балаларды ата-аналарының қарауынсыз қалдыру»,-деді Талғат Исмағұлов.

Халық арасында үгіт-насихат және қауіпті учаскелерге бақылау жүргізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күнделікті сағат 15:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.

«Облыста суға түсуге рұқсат етілген 2 жағажай бар. Жақында суға түсуге рұқсат етілген және қауіпті жерлер туралы облыс әкімінің Қаулысы шығады. Сол кезде облыс тұрғындарына хабарлайтын боламыз. Сонымен қатар, қазір қала әкімдігімен бірлесіп коммуникалдық жағажай ашу жоспарлануда. Оған қоса, біздің тарапымыздан аймақта модульдік бассейндер ашу ұсынылды. Бұл жұмыстар суға кету жағдайының алдын алады деп сенеміз»,-деді облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.

Қазіргі кезде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 13 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту шарасы көрілді.

Құрметті облыс тұрығндары,су жағасында демалу кезеңінде балаларды қараусыз қалдырмаңыздар! Сондай-ақ, спирттік ішімдіктерге шектеу қойып, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар!

0

Пікір қалдыру