Kyzylorda-news.kz. Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметші кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтіп, бірқатар мемлекеттік қызметшілер марапатталды.
Шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, екі азаматқа «Үздік мемлекеттік қызметкер» төс белгісін және бес мемлекеттік қызметшіге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
«Бүгінгі күні облысымызда 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай қызмет ететін мемлекеттік қызметшіден басталады. Аймағымыздың барлық мемлекеттік қызметшілеріне жұмыстарына жеміс, мақсатқа жетуде жігер, шешімдер қабылдауда парасаттылық, кәсіби еңбекте табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын», – деді Ерлан Райғаниев.
Сондай-ақ, салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Рафхат Бисенов үш азаматқа алғаш рет Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін төс белігісін және әр саладағы алты мемлекеттік қызметшіге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының Грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар шарада екі мемлекеттік қызметші «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Алғыс хатты «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сауле Тұрсынбаева табыстады.