Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 3540 мемлекеттік қызметкердің 1623-і әйелдер қауымы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Нұрман Талқанбаев мәлімдеді.

«Заңға сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі таңда басшы лауазымда 366 әйел болса, 235-і көп балалы аналар мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Яғни мемлекеттік қызметте176-сы төрт баланың, 66-сы бес баланың анасы болса, алты бала және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 15-і «Батыр ана» атағын алған.Батыр аналардың арасында Қармақшы аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы Айгүл Қозбақова 8 бала, Шиелі ауданы, Керделі ауылдық округінің бас маманы Ақмарал Мыханова 7 бала тәрбиелеп, «Алтын алқа» иегерлері атанған»,-деді Нұрман Талқанбаев.

Мұнан өзге, мемлекеттік органдарда азаматтардың біліктілігін және дағдыларын арттыру, қажетті білім алуына мүмкіндіктер ұсынылып, гендерлік тақырыпқа назар аударылуда.

Айта кетейік, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты іске асырудың тұжырымдамасы», «Гендерлік және жастар саясатының іске асырылуы», «Отбасы және гендерлік саясат: өңірлік аспект» тақырыптары бойынша мемлекеттік қызметкерге арналған семинарлар мен қайта даярлау курстары жүргізіледі.

Тағы да оқыңыз: