Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақовтың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманұлының 80 жылдығына арналған «Қарымды қайраткер. Талантты тұлға. Абыз ақсақал» тақырыбында облыстық ғылыми-танымдық конференцияға ұйымдастырылды.

Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Сыр өңірінің алғашқы әкімі болған мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың 80 жылдығына орай еске алу мақсатында туған жері Жаңақорған мен Шиелі аудандарында шаралар ұйымдастырылып, облыс орталығында облыстық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.

Конференцияда аймақ басшысы Қызылорда облысының дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға, асыл азамат, көрнекті қайраткер Сейілбек Шаухамановты еске алып, сөз сөйледі.

«Сейілбек Шаухаманұлы тек ірі деңгейдегі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқшысы да бола білген қабырғалы қайраткер. Ғибратты ғұмыр иесі Сыр елінің өркендеуіне, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге зор үлес қосып, өзі ғана емес, ардагерлерді де осыған жұмылдырып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еді. Сейілбек Шаухаманұлы еңбек жолын қатардағы инженерден бастап облыстың бірінші басшысына дейінгі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған тау тұлға. Бүгінгі мәртебелі жиында Сыр елінің кемеңгер ұлы, қажырлы қайраткер Сейілбек Шаухаманұлының тұлғалық тұрпаты, болымды болмысының сан қырлары кеңінен ашылып айтылады деп сенемін», – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Сонымен қатар, шараға республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Сейілбек Шаухаманұлымен қатар жүріп, қызметтес болған замандастары, облыс ардагерлері, жұбайы Жұпаргүл Сматқызы және балалары, қалалық, аудандық ардагарлер кеңестерінің төрағалары, сала басшылары, кәсіпкерлер қатысып, көрнекті тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

Тағы да оқыңыз: