Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күні Қызылорда облысында коронавирус тіркелген жоқ. Бұл туралы  Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.

«Шетелдерден келген азаматтарды бақылаудан өткізу, індеттің алдын алу мақсатында үлкен сақтық шаралары елдің барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Әлемдегі дамыған елдерде короновирус инфекциясы белең алып, әлеуметтік-экономикалық жағынан зардабын тигізіп отыр. Осы індеттің алдын алу мақсатында, егерде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз елдерден келген облыс тұрғындары мен қызмет бабымен азаматтар келген жағдайда 14 күнге оқшаулау (аурудың жасырын кезеңі болып есептелетін) мақсатында Қызылорда облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаторияның 100 төсек орын дайындау жұмыстары жүргізілуде», – делінген хабарламада.  

Департамент мамандары мәлімдегендей, облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаториядағы балалар талапқа сай жабдықталған «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» ғимаратына көшірілетін болады.

«Бұл дайындық жұмыстары ауруды болдырмау, сырттан тасымалданбау мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралардың бірі екендігіне түсінікпен қарауларыңызды сұраймыз. Осыған орай, тұрғындар арасында жұқпалы ауру туралы нақтыланбаған мәліметтерді таратпауға және бұл бойынша ақпараттарды ресми ақпарат көздерінен ғана алуға шақырамыз», – дейді департамент мамандары.

Тағы да оқыңыз: