Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Балалар жылы аясында жасөспірімдер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті.

Турнирді Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және «NAMAN» ата спорт кешені ұйымдастырды.

Республикалық турнирге Орал қаласының «Орал қамқор», Шымкент қаласының «Шымкент сити», Қызылорда қаласының «NAMAN 1», «NAMAN 2», «Шіркейлі», «Сармақ» командалары қатысып, өзара бақ сынасты.

Жасөспірімдердің арасында тартысты өткен сайыста қызылордалық өрендер тартысты ойын өрнегін көрсетті. Спортшылар намысты қолдан бермей, үздік ойын арқылы көрермендердің ықыласына бөленді. Нәтижесінде, жүлделі І орын «NAMAN 1» командасы иеленсе, ІІ орын мінберінен «Шіркейлі» жасөспірімдер командасы көрінді. Ал ІІІ орынды «Сармақ» командасы қанжығасына байлады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан келген «Орал қамқор» командасына «Достық кубогы» бұйырды.

Турнир соңында жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар мен медальдар және естелік кәдесыйлар табысталды.

Айта кетейік, биыл Балалар жылы аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Балаларды бұқаралық спортқа баулу бағытында биыл 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынады. Ойын және спорт алаңдарының 50-і облыс орталығында, қалған 30-ы аудандарда салынуда.

Тағы да оқыңыз: