Kyzylorda-news.kz. Қала күні мерекесінің кезекті тағылымды шарасы өнер арбаты бойында өтіп, шаһар басшысы Асылбек Шаменов кітап көрмесі мен сатылым акциясына, сондай-ақ “Буккроссинг” кітап сөресінің ашылу салтанатына арнайы қатысты.

​Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы алдымен өнер арбатын бойлай орналасқан «Өткені сырлы, келешегі нұрлы — Қызылорда» атты кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесін аралап шықты.

Бүгінгі кітап фестивалі аясында Алматы қаласынан «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры және Түркістан қаласынан «Мазмұндама» қоғамдық қоры, сондай-ақ облыс орталығындағы «Кітап ал» кітап дүкені өз кітаптарын сатылымға шығарып, кітап мерекесінің көрігін қыздырды.

​Кітап жәрмеңкесін тамашалап болған соң қала әкімі бастаған құрметті қонақтар «Буккроссинг» өзің оқысаң, өзгеге табыс ет қағидасына негізделген кітап сөресінің ашылу салтанатына қатысып, кітапхананың үздік оқырмандарын марапаттады.

​Содан соң қала әкімі Асылбек Шаменов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр тарланы, режиссер Хұсейн Әмір-Темір бірге кітап сөресінің лентасын қиып, арнайы кітапшаға өз лебіздерін жазып қалдырды.

​Кітап мерекесі ары қарай қалалық кітапханалардың мәдени шарасы мен “Bookathon” зияткерлік сайысына ұласты.

Фестиваль аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасы көрме өткізді. 

Көрмеге оқу орнындағы профессор-оқытушылардың еңбектері, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген кітаптар қойылды.

Айта кету керек, фестивальде тұрғындардың кітап алмасуына арналған буккросинг алаңы ашылды. 
Жиынға университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай, оқу орнының профессор-оқытушылары қатысып, ауқымды шараға үлес қосты.   

Тағы да оқыңыз: