Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері тойханалар мен мейрамхана, кафе – барларды тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той – жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылған жағдайда заңды шара көрілетіні туралы ескерткен болатын.
Алайда, өткен демалыс күндері Қызылорда қаласы бойынша кезекті рейд ұйымдастырылды. Мобильді топпен жүргізілген тексеру барысында қала орталығындағы мейрамханаларда отбасылық іс – шара өтіп жатқаны туралы хабарлама түсті. Тексеру барысында аталмыш мейрамханада 150-250 – ге жуық келушілер болғаны анықталды. Және де түнгі клубтың бірінде «Ашық» бағдарламасы тіркелмей үлкен жиын өткізген.
Мобильді топ бір тәулікте 20-25 шақты кәсіпкерлік нысанды тексерді. Нәтижесінде карантиндік режимін бұзған 11 заңбұзушылық анықталды. Той иелерінен және мейрамхана басшыларынан түсініктемелері алынып, жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Қызылорда қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жолданды.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасы қала тұрғындарына және кәсіп иелеріне карантиндік режим жалғасатынын және Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын сақтау керектігін қатаң ескертеді. Тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.