Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында карантин талаптарының сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ құрылған.
5 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін жұмысшы топ 1269 нысанға рейд жүргізді. Нәтижесінде 160 нысанда ӘҚБтК-тің 425/1 бабына сәйкес заңбұзушылықтар анықталып, 6 667 200 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Оның басым бөлігі дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарындағы санитариялық талаптардың сақталмауына қатысты анықталған, яғни қызметкерлер маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз халыққа қызмет көрсеткен. Бұдан бөлек, ораулы күйде сатылуы тиіс азық-түлік, нан-тоқаштардың беті ашық түрде еркін сатылуда, антисептиктері жоқ, шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар.
Ал карантин талаптарын елемей, көп адамның бір жерде жиналуына жол беріп, той өткізген 30-ға жуық жеке тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Мониторингтік топтың рейдтері көрсеткендей, азық-түлік дүкендері мен кафелердің жұмысына шектеулі уақыт белгіленсе де ережені елемей, шаруасын дөңгелетіп жатқан нысандар бар. Карантин уақытында қызметтеріне тыйым салынған сұлулық салондары, жабық азық-түлік емес дүкендер де тұтынушыларды қабылдаған.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес жұмыс істеп тұрған барлық кәсіпкерлік нысан қызметкерлері толықтай карантин талаптарына бағынуы керек.
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті карантиндік және шектеу шараларын қатаң сақтауды, заңбұзушылықтарға жол бермеуді, коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша сақтық шараларын орындауды сұрайды.