Kyzylorda-news.kz. Карантин ережелерін бұзу деректерін анықтау мақсатында облыс аумағында 24 мобильдік топ жұмыс жасауда. Сондай-ақ, қала көлемінде қоғамдық тәртіп пен карантиндік режимді сақтау мақсатында 56 автопатруль және 10 жаяу бағыт жұмылдырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Шамшидин Амитов мәлімдеді.
Өңірде карантин талаптарын бұзудың 41 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар құзырлы органдарға тапсырылды. Бұған қоса, карантин кезіндегі өзекті мәселенің бірі дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз өсіру. Дәрілік заттарды тексеру барысында өнімдерді заңсыз сатудың 1 фактісі анықталса, дәрінің бағасын негізсіз көтерген 49 жағдай тіркелді.
“Сонымен қатар, тағы бір проблемалық мәселе – карантин уақытында тыйым салынған жерлерде суға шомылу. Осы ережені бұзған 8 дерек анықталды. Карантиндік шектеулер енгізілген уақыттан бастап 20 адам суға батып қайтыс болса, оның 8-і кәмелет жасына толмағандар.Су жағалауында карантиндік ережені бұзумен қатар, ішімдік ішкені үшін 5 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Облыс тұрғындарын карантин режимінде белгіленген талаптарды сақтауға, қоғамдық ортада, көпшілік жиналатын орындарда бетперде тағып жүру, арақашықтықты сақтауға шақырамыз”,-деді Шамшидин Егенбердіұлы.
«Құрбан айт» мерекесі күндері полиция қызметкерлері облыста орналасқан мешіттер мен мал сату және арнайы мал сою орындарын бақылауға алып, карантин режимін бұзғандарға тиісті шаралар қабылдайтын болады.