Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының бас санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 20 қаулысымен бірқатар кәсіпкерлік нысандарының қызметіне рұқсат берілді.
Бұл ретте, кәсіпкер электронды қолтаңбасы арқылы «InfoKazakhstan.kz» порталында тіркелуі қажет.
Рұқсат беру тексеру және хабарлама қалдыру әдістері арқылы жүргізіледі. Яғни, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар мониторингтік топтардың тексеруі нәтижесінде жұмысты қайта бастауға рұқсат алса, шаштараз, сұлулық салондары, сауда нысандарындағы бутиктер, қоғамдық моншалар, сауналар, фитнес орталықтар және т.б. порталда хабарлама қалдыру арқылы жұмысын жалғастырмақ.
Бүгінгі күні аталған порталда 3 мыңға жуық кәсіпкерлер тіркеліп, оның 500-ден астамы мониторингтік топтың қарауына жолданса, қалғанына жұмысын жалғастыруға рұқсат берілді.
Осы ретте, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары М. Тасқараев, өңірлік кәсіпкелер палатасы директорының орынбасары П.Сыздықов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Б. Нұриддинов және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдерінің қатысуымен мониторингтік және түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ендігі кезекте облыс кәсіпкерлерін «InfoKazakhstan.kz» порталында белсенділікпен тіркеліп, кәсіптерін жалғастыруға шақырамыз!!!
Туындаған сұрақтар бойынша call-center 40-02-02 нөміріне хабарласуға немесе Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата көшесі, 123 ғимаратта орналасқан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына, Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, 12 ғимаратта орналасқан «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолығуға болады.