Kyzylorda-news.kz. Қызылордада қарақшылық шабуыл жасап, кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген 24 жастағы күдікті қолға түсті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оны Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұстады. Ол қылмыстық топ құрамында болып, 2019 жылдың тамыз айының соңында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған болатын.

«Қылмыс барысында зергерлік бұйымдар мен 300 млн теңгеге жуық ақшаны жымқырған. Ал үй иесі ауыр дене жарақатын алып, ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 4-бөлігімен және 99-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тергелуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, өткен жылы тамыз айында кәсіпкерге шабуыл жасалған еді. Көп ұзамай қарақшылық қылмыс жасаған 5 адам ұсталды. Оларға қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.

Тағы да оқыңыз: