Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы 25 мамырдан бастап эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «жасыл» аймақта. Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық нысандар, кәсіпкерлік нысандар өз жұмыстарын 2021 жылдың 15 мамырындағы №14 қаулыға сәйкес жүзеге асыруда.
Карантиндік шараларды қатаң сақтау нәтижесінде аймақтағы коронавирус инфекциясының эпиемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағалануда. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
«Мониторингтік топтармен карантин режимінің сақталуына бақылау әлі де жалғасуда. Жыл басынан бері 167 мониторингтік топ 9190 рет рейдтік тексерістер жүргізді. Нәтижесінде 302 карантин талаптарын бұзушылық анықталған.
Бүгінгі күні облыс азаматтарын вакцинациялау «Спутник V», «Hayat Vaх» және «QazVac» вакциналарымен жүзеге асырылуда. Аймақта коронавирусқа қарсы иммундау науқаны 19 екпе кабинетінде жүргізілуде. Бұдан өзге 10 жылжымалы егу пункті жұмыс істеуде»,-деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Олжабайқызы.
Айта кетейік, коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың бірінші компонентінен 86065 адам өтсе, екінші компоненттін 34405 адам қабылдаған. Екпе қабылдағандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз фактілер тіркелмеген.