Kyzylorda-news.kz. Қызылордада бұрынғы күйеуін өлтіру үшін адам жалдаған әйелге қатысты сот үкімі шықты.

Елуді алқымдаған әйел өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін Түркістан облысының азаматына тапсырыс берген. Ол осы қызметі үшін оған 20 мың АҚШ доллар сыйақы беретін болып келіскен. Түркістандық азамат іске келіскенімен, төрт балалы ананың қылмысын әшкерелеп, Қызылорда облыстық полиция департаментіне арызданған. Арыз тіркелген бойда сотқа дейінгі тергеу басталып, жасырын ендіру және қылмыстық әрекетті имитациялау қаулысы қабылданады. Сөйтіп арыз берген азамат арнайы кісі өлтіруші ретінде белгіленеді.

Сотталушының айтуымен «киллер» азамат Әлібековты өлтіргені жайлы оқиғаны дәлелдеуі үшін өтірік өлтірген болып, жәбірленушінің үстіне қан жағып, пышақ пен оған тиесілі басқа да заттарын ұялы телефонға түсірілген фотосуретті әйелге жібереді. Содан соң телефонмен хабарласып, жұбайын өлтіргенін және дария жиегінде қашып келе жатқанын айтқан.

Қылмыстық пиғылы орындалғанына толық көзі жеткен соң, сотталушы Әлібекова «киллерге» жолақы ретінде қалтасынан 10 мың теңге берген. Ал бұрынғы күйеуінің атына тіркелген мүліктер балаларына мұра болып өткеннен кейін, еңбек ақысын беретінін айтқан. Бас сот талқылауында сотталушы тағылған айыпты мойындаған жоқ.

«Мен оны адам өлтіруге де жалдаған жоқпын, ақша да берген жоқпын», – дейді сотталушы Әлібекова.

Сот бұл резонансты іске нүктесін қойды. Сотталушыға 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім етті.

«Сот үкімімен сотталушы Әлібекова Қылмыстық кодекстің 24 бабның 1 бөлігі, 28 баптың 4 бөлігі, 99 баптың 2 бөлігінің 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға сотты болды. Сотталушының жазасы неге төмен болды деген заңды сұрақ болуы мүмкін. 24 баптың 1 бөлігі «қылмысқа дайындалу» болып табылад. Мұнда айыпталушыға жазаның ең жоғарғы шегінің тең жартысынан асыруға болмайды. Бұл істе 20 жыл жаза көзделген болса, оның жартысы 10 жыл. Егер сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар болып, ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, ең жоғарғы көрсетілген жасазның 4-тен 3 бөлігін асыруға болмайды», – дейді Қызылорда облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Асхат Сабыров.

Сотталушы мен жәбірленушінің заңды некелері 2016 жылы бұзылған. Олардың ортақ некелерінен 4 бала бар. Бір бала әлі кәмелет жасқа толмаған, сондықтан сотүкімімен кәмелетке толмаған қыз әкесінің қамқорлығына берілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстық іс өткен жылдың 9 шілдесінде қолға алынған болатын. Күйеуін өлтіруге тапсырыс берген Әлібекова өзі жалдаған адаммен кездесіп, оған жолақы беру кезінде қолға түскен болатын.

Тағы да оқыңыз: