Kyzylorda-news.kzҚорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастыруымен Zoom платформасында «Ядролық сынақ және Қазақ даласы» атты ғылыми – танымдық онлайн – конференциясы өтті.

Шараға университет оқытушы-профессорларымен қатар, Ресейдің Томск политехникалық университетінің профессоры Н.Барановская, Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты ядролық процестер зертханасының инженері Д. Азнабаев қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Б.Прмантаева конференцияны ашу барысында Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы қадамдарының бірі – әлемдегі қуаты тұрғысынан 4-ші ядролық қарудан бас тартуы болғанын атап өтті.

«Семей полигоны алаңында 40 жыл бойы 500 ядролық сынақ өткізілгені белгілі, Қазақстан ядролық қарудан өздігімен бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде әлемге бейбіт даму жолын таныстырып, жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты», – деп атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы профессорлары баяндамаларында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихына шолу жасап, аталмыш қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған ядролық сы¬нақ¬ саны азайтылып, атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған әлемдегі тиімді шаралардың бірі болғанын айтты.

Сонымен қатар конференция барысында ядролық сынақтар мен оның зардаптары, ядролық техногенез және оның биогеохимиялық көрсеткіштердегі көрінісі туралы жан-жақты талқыланып, университет және Ресей ғалымдары ойларын ортаға салды.

Ядролық қару мәселесі әлі көптеген ғылыми конференциялардың мазмұнын айқындай беретіні анық. Шараны қорытындылай келе қатысушылар ғылыми тұжырымдары, құнды ой-пікірлерімен бөлісіп, аталмыш конференцияның осы саладағы ғалымдар ынтымақтастығын нығайта түсетінін айтты.

Тағы да оқыңыз: