Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде экономикаға табыс алып келетін шағын өндіріс орындары Кәсіпкерлікті қолдау картасына енуде. Өңірде өткен жылы Индустрияландыру бағдарламасының ІІІ бесжылдығы басталған. Осы кезге дейін І және ІІ бесжылдық аясында құны 150 млрд.теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 1,7 мың қызылордалық жұмыс көзін тапты.
Өндіріс орындарын көбейту бағытында 2020 жылы құны 68,1 млрд.теңгені құрайтын 20 жоба Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына қосылған. Ал, биыл 19 жаңа жоба картаға енеді. Оның 5-уі Қызылорда қаласынан, әр ауданнан 2 жобадан еніп отыр. Құрылыс индустриясы бойынша шағын арматура зауыты, асфальтбетон зауытын салу, шыны талшықты және композитті материалдар өндіру, құрғақ қоспаларын өндіру зауыты мен Жаңақорған ауданынан керамзит және керамзит блоктарын өндіру қолға алынады.
Ал, тау-кен және металлургия өнеркәсібі саласында өңірде полиметалл кендерін қайта өндейтін тау-кен комбинаты, кварц құмын байыту комбинатының І кезеңі іске асады. Ауыл шаруашылығы бағытында 11 жоба арқылы 873 жұмыс орны ашылмақ.
Айта кетейік, аймақта бір жыл ішінде іске қосылған жобалар нәтижесінде 34,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген.